2025 жылы Агенттік табиғи апаттың салдарын еңсеруге қолдау көрсету мақсатында Түркия Республикасында мектеп салу бойынша жұмысты жалғастырды. Бастама 2023 жылдың 16 наурызында Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс Саммитінде 2023 жылдың 6 ақпанында болған жойқын жер сілкінісінен кейін көтерілді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп провинциясының (Түркия Республикасы) Нұрдағы қаласында заманауи оқу орнын салуды тапсырды.
Тапсырманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылдың 13 наурызындағы №182 Қаулысы қабылданды. Қаулыға сәйкес KazAID агенттігі оператор болды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ инжинирингтік компания болып табылады, ал бас мердігер ретінде «Integra Construction KZ» ЖШС таңдалды. Жобаны «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры қаржыландырды.
Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 960 орынға есептелген жаңа мектеп салынды. Оқу орнына бастауыш білім берудің 32 сыныбы және мектепалды даярлықтың 4 сыныбы кіреді. Қазіргі уақытта нысан пайдалануға берілуге дайындалып жатыр, ал оның ресми түрде Түрік тарапына берілуі 2026 жылғы маусым айына жоспарланған.