1951 жылы 30 қаңтарда Семей облысы, Абыралы ауданы, Мейзек ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары. Өскемен педагогикалық институтын бітірген. Осы жылы Үлкен Нарын ауылындағы Огнев атындағы орталау мектепте орыс тілінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1974 жылы арнайы іріктеуден өткен соң, облыстық партия комитеті мен облыстық комсомол комитетінің жолдауымен дүние жүзіне белгілі болған «Артек» лагеріне барып 1978 жылға дейін еңбек етеді. 1978 жылдан бастап өмір және еңбек жолдары осы ауданда жалғасты. Аудан орталығындағы Огнев атындағы орта мектепте кітапханашы, орыс тілі пәнінің мұғалімі болып істеді. Тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушысы, сосын мектеп директоры болып лауазымы жоғарылай түсті. Огнев атындағы мектепте он жыл, Қ.Дамитов атындағы мектепте бес жыл директорлық қызмет атқарды. Соңғы жылдары аудандық білім беру, ішкі саясат бөлімдерінің меңгерушісі болды. Гүлбаршын Мүслімханқызы - «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Қазақстан мәслихаттарына жиырма жыл» мерейтойлық медальдарының, Ыбырай Алтынсарин медалінің, Қазақстан Республикасының Білім беру министрлігі, Қазақстан Республикасының Білім беру кәсіподақ комитеті ұсынған Құрмет грамоталарының, аудан әкімдері тапсырған грамоталардың иегері. Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымдарының депутаты.