1963 жылдың 2 қарашасында Көкшетау облысы, Сарыбай ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары. 1985 жылы Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін Целиноград мемлекеттік институтына оқуға түсті. 1991 жылы «Емдеу ісі» бойынша дәрігер мамандығын игеріп шықты. 1992 жылы Өскемен қаласындағы облыстық аурухананың хирургия бөлімінде атақты дәрігер Б.Э.Рейштің басшылығымен хирургия мамандығы бойынша интернатурадан өтті. Интернатураны тәмәмдағаннан соң Большенарым аудандық ауруханаға дәрігер хирург ретінде жолданды. Өзінің сапалы хирургиялық біліктілігінің арқасында 1994 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін 1994 жылдан 1997 жылға дейін атқарды. Басшылық қызметке лайықты тұлға ретінде өзін көрсете білгендіктен 1997 жылы Катонқарағай ауданының орталық емханасының бас дәрігері лауазымына тағайындалды. 1997-2004 жылдар аралығында аудандық орталық емханасының бас дәрігері лауазымын атқарған уақытта Д.Молдажанов елімізде орын алған экономикалық ауыртпалықтарға қарамастан кең көлемде өндірістік және ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізді. Жас маман дәрігерлерді жұмысқа тартып, оларды пәтерлермен, жәрдемақымен қамтамасыз ету сұрақтарын шеше білді. Д.Молдажановтың ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында негізгі білікті маман дәрігерлердің және орта буын медицина қызметкерлерінің құрамы сақталып қалды. Бөлінген қаражаттың тапшылығына қарамастан емдеу-алдын алу мекемелерінің ғимараттарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи медициналық құрылғылар, арнайы автокөліктер сатып алынып, аудандағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді. Д.Молдажанов 2011 жылдың 28 қарашасында Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының «Катонқарағай ауданының №1 медициналық бірлестігі» КМҚК-ның директоры лауазымына тағайындалды. Жемісті еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы, аудандық әкімдік, медбірлестік әкімшілігі тарапынан бірнеше мәрте марапатталған. Аудандық мәслихаттың V шақырылым депутаты.