1950 жылы 3 шілдеде Катонқарағай ауданы Чернова (қазіргі Аққайнар) ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары. 1975 жылы Ермак денешынықтыру техникумын, 1987 жылы Өскеменнің педагогикалық институтын, 2004 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірді. Еңбек жолын Чернова кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң, екі жыл Чернова орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. 1975-85 жылдары Катонқарағай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, одан кейін директоры болады. 1986-91 жылдары Ленин атындағы орта мектепте денешынықтыру және тарих пәнінің мұғалімі, 1991-97 жылдары Катонқарағай аудандық аң шаруашылығының директоры, 1997-2001 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша орман және биоресурстар басқармасының саяcаткері қызметтерін атқарған. Ерен Кадошұлы ерекше экологиялық, мәдени құндылығы бар аймақтың ғажап табиғатын сақтап, бұрынғы қалпына келтіру үшін Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің ашылуына ат салысып, оның аяғынан тұруына көп еңбек сіңірді. 2001 жылы парктің ашылған күнінен бастап 2008 жылға дейін Бас директор қызметін атқарды. 2008 жылы елiмiздiң бiрегей тарихи-мәдени мұра объектiлерiн сақтау мақсатында құрылған «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына директор болып тағайындалды. Еңбектегі жетістіктері ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, «Ресейдің кәсіподақтарына 100 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Мәдениет министрлігінің, ҚР ауылшаруашылық министрлігінің, Орман және аңшылық шаруашылық Комитетінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, Катонқарағай ауданы әкімінің грамоталарымен және алғыс хаттарымен бағаланған. Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың III, ІV, V шақырылымдарының депутаты.