1947 жылдың 15 маусымында Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауданы Большенарым ауылында дүниеге келді, 1966 жылы Большенарым орта мектебін бітірген. Білімі жоғары. 1967 жылы Өскемен педагогика институтына түсіп, оны 1971 жылы аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. 1971-85 жылдары аудандық балалар спорт мектебінің директоры, аудандық спорт комитетінің төрағасы міндеттерін абыроймен атқарды. Спорт ұйымдарында еңбек еткен Дүйсенбек Оразғалиұлы жас спортшыларды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді. 1985-97 жылдары Большенарым нан зауытының директоры болып еңбек етті. 1998 жылдың мамыр айынан бастап «Жұмажанов» жеке кәсіпорынын ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін осы кәсіпорынды басқарды. Қай салада қызмет атқарса да ол жанын салып еңбек ететін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көруге асығатын жан еді. Большенарым нан зауытын басқарған жылдары ол өзінің қай саланы да басқарып кете алатын, адамдармен ортақ тіл табысып, берекелі ұжым қалыптастыра білетін іскер басшы екенін көрсете білді. Еліміз тығырыққа тірелген, кәсіпорындар мен заводтар жабылған кезеңде де ол қиыннан жол тауып, адамдардың өмір сүруіне ең қажетті азық - нан шығаратын жеке кәсіпорынды ұйымдастырып, сонымен қатар қыс маусымында Үлкен Нарын ауылын жылумен қамтамасыз етуге бар күш жігерін жұмсады. Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың III, IV шақырылымдарының депутаты.