1952 жылы 1 мамырда Катонқарағай ауданы Берел ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары, 1979 жылы Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін, 2007 жылы Орталық Азия университетінің «Юриспруденция» факультетін бітірген. Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін, 1970-72 жылдары Ресейдің Амур облысында әскер қатарында болды. Еңбек жолын 1973 жылы Өскемен қаласының Бүкілодақтық түрлі-түсті металдар ғылыми-зерттеу институтында слесарь болып бастады. Сол жылы қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Өрел совхозының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, 1974 жылдың қараша айына дейін жұмыс атқарды. 1974-77 жылдары Өскемен қаласының қорғасын-мырыш комбинатында машинист-кочегар, Зырян қаласының шахта құрылыс басқармасында жер астында проходчик болып істеді. 1978-80 жылдары Катонқарағай аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің инструкторы қызметтерін атқарды. 1980-92 жылдары КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болды. 1992-98 жылдары Катонқарағай «Кредо» БК директоры, 1998-2008 жылдары Катонқарағай «АСТ» шаруа қожалығының басшысы болды. 2008 жылдан зейнетке шыққанға дейін Катонқарағай ауылдық округінің әкімі болды. Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың II, IV шақырылымдарының депутаты.