1939 жылы 15 мамырда Катонқарағай ауданы Еңбек ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары. Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. Еңбек жолын орта мектепті бітіргеннен кейін, 1957 жылы Черняховский атындағы кеңшарда жылқышы болып бастады. 1959 жылы жас жігіттің еті тірілігін, елгезек-іскерлігін ескеріп сол кеңшарға бригадир-зоотехник қызметін сеніп тапсырады. Жиырма төрт жыл Медведка, Печи, Өрнек, Топқайың, Берел, Шыңғыстай бөлімшелерін басқарды. Жай ғана басқарып қоймай, заман талабына сәйкес жаңалықтар енгізіп, ауылшаруашылық өнімдерінің сапалы өсіп дамуына атсалысты. 1986 жылы тамыз айында Катонқарағай марал кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалды, артынан осы мекемеде директор қызметін атқарды. Содан кейін өмірінің соңына дейін Өрел кеңшарында директор болып еңбек етті. Сайфулла Шанақұлы адам психологиясын терең меңгерген, жұмысшыларды былай қойып, басшы кадрлардың тәртібі мен жүріс-тұрысына көңіл бөліп, қатаң талап қоя білетін. Ең бастысы, шаруашылықты шемішкедей шағатын мықты маман болатын. Оқу-ағарту, мәдени ошақтардың халыққа қызмет істеуіне тікелей араласатын. Сырттай қараған адамға түсі сұсты, қатал болып көрінгенімен ішкі дүниесі терең, адамдармен сөйлесе білудің шебері, нағыз халық дипломаты еді. Катонқарағай ауданының құрметті азаматы. Аудандық мәслихаттың I, II шақырылымдарының депутаты.