1956 жылы 10 шілдеде Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауданының Үштөбе ауылында мұғалім отбасында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1983 жылы Семей педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетін бітірген. Еңбек жолын 1973 жылы Большенарым аудандық «Знамя труда» - «Еңбек туы» газеттерінің аудармашысы болып бастады. Келесі жылдың қысында облыстық «Коммунизм туы» газетіне жұмысқа шақырылды. 1975-77 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеді. 1977 жылдан бері Семей облысы Шар ауданы Жайма орта мектебінде интернат меңгерушісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, Большенарым ауданы Алыбай сегіз жылдық мектебінің директоры, аудандық газет редакторының орынбасары, «Қазақ тілі» қоғамы аудандық бөлімшесінің төрағасы, аудандық Кеңестің аға референті, ашылуына, қалыптасуына өзі көп еңбек сіңірген Қ.Дамитов орта мектебінің директоры, жеті жыл Үлкен Нарын кейін Катонқарағай аудандық оқу бөлімдерінің меңгерушісі болып еңбек етті. 2002-2006 жылдары Өскемен қаласындағы, республикалық «Ана» газетінің тілшісі, редакторы, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды. 2006 жылдан зейнетке шыққанға дейін Ақмола облысы Ақкөл ауданында еңбек етті. Ауданда тұңғыш қазақ газетінің ашылуына себепкер болды. Бес жинақ пен бірнеше кітаптың авторы. «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл», «Нұр Отан» партиясына 15 жыл» төсбелгілерімен марапатталған. Аудандық мәслихаттың I шақырылымының депутаты.