1959 жылы 10 ақпанда Катонқарағай ауданы Печи (қазіргі Барлық) ауылында дүниеге келді. Екі жоғары білімі бар. Өскемен жол-құрылыс институтын, Қазақстан-Ресей гуманитарлық академиясын бітірген. Алғашқы еңбек жолын Коробиха кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастап, жиырма жылдың ішінде осы шаруашылықтың директорына дейін өсті. Коробиха кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы, Черняховский атындағы кеңшарда бас инженер, директордың орынбасары, партия комитетінің хатшысы, Коробихада кеңшар директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қойып, «Үшбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, «Ақсу» акционерлік қоғамының вице-президенті болды. 2004 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі «Мал өнімдері» корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық өкілі міндетін атқарды. Катонқарағай, Бесқарағай, Алтай, Глубокое аудандарының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып еңбек етті. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы.
Аудандық мәслихаттың I шақырылымының депутаты.