
Оразаев Құрмет Чайморданұлы 1974 жылы 20 ақпанда Лениногор қаласында (қазіргі Риддер) дүниеге келген. 1991 жылы Катонқарағай ауылында В.И.Ленин атындағы, қазіргі С.Ластаев атындағы орта мектебін бітірді. 1996 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруашылық академиясын «Агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдады.
Құрмет Чайморданұлы еңбек жолында ірі ұлттық компанияларда басшылық қызметтер атқарды. «Алаутрансгаз» ААҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалын басқарды, кейін «Қазпошта» АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры болып тағайындалды. 2005 жылы Құрмет Чайморданұлы еңбек жолын Алматыда жалғастырып, «Қазпошта» АҚ Басқарушы директоры қызметін атқарды.
2006 жылғы шілдеден 2007 жылғы сәуірге дейінгі аралықта «Самұрық" Мемлекеттік активдерді басқару жөніндегі Қазақстандық холдингі» АҚ-ның коммуникация активтері дирекциясының Атқарушы директоры болып жұмыс істеді. 2007 жылдың сәуірінен 2009 жылдың ақпанына дейін «Қазпошта» АҚ-ның Басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2009 жылдың ақпанынан қазіргі уақытқа дейін «Еуразиялық сауда жүйесі» тауар биржасы» АҚ-ның Басқарма төрағасы лауазымында қызмет атқарып жатыр.
2001 жылы Қаратай бабаның жерленген орнына ұйымдастырылған экспедициясына қатысқан. Бұл тарихи оқиға еліміздің әр өңіріне тарыдай шашылған жерлестер бірлігінің символына айналды. 2011 жылы Катонқарағарай тумаларының қолдауымен «Мұзтау» қоры құрылып, қордың жетекшісі болып Құрмет Чайморданұлы сайланды. «Мұзтау» қорының қамқорлығымен 2015 жылы Катонқарағай ауылында Қаратай бабаның еңселі ескерткіші орнатылды. Қордың мұрындық болуымен көптеген мәдени-тарихи және әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылып, өңірдің тарихи мұрасымен байланысты нығайта түсетін ірі мерейтойлық шаралар жүзеге асты.
2019 жылы ауданды дамыту міндеттерін кеңейте отырып, «Мұзтау» қорының қатысушылары «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қорын құру туралы бастама көтерді. Құрмет Чайморданұлы Қордың жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және аймақтың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалары мен бастамаларына белсенді түрде қатысады.
Құрмет Чайморданұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық, мәдени, қайырымдылық шараларына белсене араласады. Мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға ерекше көңіл бөлуде. Оның күш-жігерінің арқасында туған өлкеде Оралхан Бөкейдің мерейтойы ұйымдастырылып, жазушы шығармаларының толық жинақтары басылып шықты, Оралхан Бөкей мен Дидахмет Әшімханұлына ескерткіштер орнатылды. 2003 жылдан бастап Құрмет Чайморданұлы Шығыс өңірінде республикалық және халықаралық деңгейдегі айтыстарды ұйымдастыруға белсене атсалысып, дәстүрлі қазақ мәдениетінің дамуына және өңірдің мәдени байланыстарын нығайтуға үлес қосуда.
Құрмет Чайморданұлы Катонқарағай, Марқакөл өлкелеріне аудан мәртебесін қайтару сұрақтарын жүйелі түрде көтеріп келді. Осы сұрақ бойынша Үкімет өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлерімен тиянақты ақпараттық жұмыстың белсенді қатысушысы болды. 2024 жылдың 01 қаңтарында Қатонқарағай өлкесіне аудан мәртебесі қайтарылды. Қазіргі таңда Құрмет Чайморданұлы шекаралық аймақтарды жүйелі дамыту бастамаларына белсене ат салысуда.
Құрмет Чайморданұлы 2008 жылы Қазақстан Республикасының Президентінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
2024 жылы 12 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Оразаев Құрмет Чайморданұлына VIII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XV сессиясының №15/179-VIII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.