Қарқаралы ауданының Көктас ауылында Республика күні қарсаңында жалпы ауданы 542 шаршы метр болатын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Саят Мусин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нүркен Нұратов қатысты. Шара барысында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ардагер-спортшы Жұмаш Құрманғалиев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Нұрай Құрылыс Сервис» ЖШС салған жаңа екі қабатты кешенде спорт залы, әкімшілік бөлме және душ кабиналары қарастырылған. Нысан ауыл тұрғындары мен жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Қарқаралы қаласының спорт кешенінде Жастар, спорт, білім және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ерекше балаларға арналған «Көңілді мәрe» сайысы өтті.
Аталған сайысқа 9 отбасы қатысып, шеңберге доп салу, доп лақтыру, қысқа қашықтыққа жүгіру және сурет салу бойынша бақ сынады.
Іс-шараның соңында сайысқа қатысқан барлық балаға естелік сыйлықтар табысталды.
25 қыркүйек күні Қарқаралы қаласында аудандық ветеринариялық станция мен ветеринариялық зертхананың жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Республикалық ветеринариялық зертханасының бас директоры Темірхан Елшібаев және сала мамандары қатысты.
Жаңа зертхана заманауи талаптарға сай жабдықталып, жануарлардың аса қауіпті ауруларын зерттеу, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу және қауіпсіздігі талапқа сай келмейтін өнімдерді анықтау бағытында қызмет атқарады.
Шара барысында қонақтар сынама қабылдау, серология және ветеринариялық-санитариялық сараптау кабинеттерінің жұмысымен танысты.
18–20 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында самбодан Әлем кубогі өтті.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының спортшысы Мәдина Ержан 80 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.
Спортшымыз бен жаттықтырушыларын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!
Аудан әкімі С.Мусиннің төрағалығымен Қарқаралы қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Жиында ұсынылып отырған өзгерістер қаралып, бұған дейін айтылған ұсыныс-пікірлердің ескерілу барысы және алдағы құрылыс нысандарын бас жоспарға уақтылы енгізу мәселелері талқыланды.
Жауапты сала мамандары өз ұсыныстарын білдіріп, жобаға қатысты түсіндірмелер берді. Аудан басшылығы жоспарланған нысандарды өзара үйлестіру, жұмыстарды нақтылау және тиісті мәселелерді ескеру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Бас жоспарды жетілдіру барысында тұрғындардың мүддесін ескеру, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай жасау, қоршаған ортаны қорғау және аумақты тиімді дамыту басты назарда болуы тиіс. Жиын қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға тиісті міндеттер жүктеліп, жұмыстарды одан әрі жалғастыру тапсырылды.
Тілдер мерекесіне орай Қарқаралы аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Қарқаралы құшағында: өз өлкеңді таныт» атты промо-ролик байқауының іс-шарасы өтті.
Руханияттың алтын бесігі саналатын кітапханада өткен мерекелік шараға ауданымыздың ауылдарынан 30-ға жуық оқушы қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жас жеткіншектердің туған жерінің табиғатын, тарихын, мәдениеті мен көрікті жерлерін таныстыратын бейнероликтер түсіріп, оларды әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттау.
Мерекелік шараға қолдау білдірген Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табыстады.
Шара барысында оқушылардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арқау еткен бейнероликтерін бірге тамашалап, олардың шығармашылық жұмыстарына жоғары бағамызды бердік.
Жас ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, өлкеміздің тарихы мен табиғи байлығын насихаттауға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қарқаралы–Талды автожолының бірқатар учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары жолдың 3,2–20 және 24–45 шақырым аралығындағы учаскелерінде ресайклинг әдісімен жүргізіледі.
Аталған жұмыстарды жүзеге асыруға биыл облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Жоба екі жылға жоспарланған. Жөндеу жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес екі учаскеде кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Ресайклинг әдісі жолдың қолданыстағы жабындысын қайта өңдеп, оны арнайы технология арқылы нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жолдың беріктігі мен пайдалану сапасын арттыруға бағытталған.
Жөндеу жұмыстарының барысын бақылау барысында мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау тапсырылды. Сонымен қатар жол жөндеу кезінде технологиялық талаптардың қатаң сақталуы, жұмыс сапасына баса мән беру және тұрғындар мен жол пайдаланушыларға келетін қолайсыздықтарды барынша азайту қажеттігі айтылды.
Аудан әкімі Саят Мусин аталмыш жол жөндеу жұмыстарымен танысып, мердігерлерге жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Абай күніне орай Тегісшілдік ауылдық округінде VIII аудандық «Алтын домбыра» дәстүрлі әндер байқауы өтті.
Байқауға ауданның әр ауылдық округінен өнерпаздар қатысып, ұлттық ән өнерін кеңінен насихаттады.
18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында І орынды Қарқаралы қаласының жас өнерпазы Төлеуғали Инабат иеленді.
ІІ орындарға Сабыржан Аружан мен Атымтай Жансұлтан лайық деп танылды.
18 жастан жоғары қатысушылар арасында І орынды Әмірбек Аружан жеңіп алды.
ІІ орын Омаров Расулға, ІІІ орын Таңатов Исламға берілді.
Нұрғанбек және Нұрғиса өнерпаздары «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды.
Байқаудың ерекшелігі – жеңімпаздың елді мекені келесі жылғы сайысты өткізу құрметіне ие болады.
Осылайша, IX аудандық «Алтын домбыра» байқауы келесі жылы Қарқаралы қаласында өтетін болды.
«Алтын домбыра» – дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашатын маңызды мәдени жоба.
Қарқаралы өңірінде дәстүрлі Bugyly Trail 2026 марафоны өтіп, жарыстың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысушыларды Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы және облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубек құттықтап, сәттілік тіледі.
Табиғаты көркем аймақта өткен марафон салауатты өмір салтын насихаттап, Қарқаралының туристік әлеуетін танытуға бағытталған маңызды спорттық шаралардың біріне айналды.
Биылғы жарысқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Канада, Германия және Қырғызстаннан келген 400-ден астам спортшы қатысты.
Қатысушылар 1 км балалар жарысы, 5 км, 10 км Shaitankol Trail, 21 км Bugyly Forest Trail және 50 км Bugyly Ultra Trail бағыттары бойынша бақ сынады. Ең ұзын 50 шақырымдық қашықтық Бугылы жотасының көрікті жерлерін қамтып, биіктік айырмасы шамамен 1000 метр болатын күрделі бағыт ретінде ерекшеленді.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға шақырамыз.
Өтетін күні: 2026 жылғы 1 тамыз
Өтетін орны: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «ҚАРҚАРАЛЫ GO» этно-лагері.
Бағдарламада облыстық өнер ұжымдарының концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ат бәйгелері және мерекелік кеш өтеді.
Спорттық жарыстар (09:00):
* Қазақ күресі (74 кг және +74 кг);
* Қол күресі (70 кг және +70 кг);
* Садақ ату (ерлер мен әйелдер).
Ат жарыстары (15:00): «Жаңанегіз» ауылы атшабарында Құнан, Топ және Аламан бәйге.
Жеңімпаздарға автокөлік пен қомақты ақшалай жүлделер тағайындалған.
Мерекелік кеште Әділет Жауғашар және өзге де эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Баршаңызды ел мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойын бірге атап өтуге шақырамыз!