GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпарат
Байланыс ақпарат
Әкім аппараты
Әкім аппараты
Қызметі
Қызметі
Все материалы
Денсаулық сақтау
22 октября 2026
Қарағанды медицина университетіне алғашқы ректоры Петр Поспеловтің есімі берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қарағанды медицина университетіне оның негізін қалаушы әрі алғашқы ректоры Петр Моисеевич Поспеловтің есімі берілді. Президент бұл шешімді көрнекті тұлғаның туғанына 125 жыл толуы қарсаңында тарихи әділдікті қалпына келтірген маңызды қадам ретінде бағалады.

Салтанатты рәсімге медицина ғылымы мен білім беру саласының өкілдері, университет ардагерлері, Қазақстанның және шетелдердің жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтары мен компанияларының басшылары қатысты.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Петр Поспеловтің отандық медицинаның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша екенін атап өтті.

— Қарағанды Петр Моисеевич үшін туған қаласындай қымбат мекенге айналды, ал Қазақстан медицинасын дамыту оның өмірлік мұраты болды. Оның ең басты жетістігі — жай ғана медициналық институт ашу емес, бүгінде де өркендеп келе жатқан дәрігерлердің, ғалымдар мен ұстаздардың тұтас мектебін қалыптастыруы деп ойлаймын. Студенттер, сіздер таңдаған мамандық өз ісіңді жетік білумен ғана шектелмейді. Адамды тыңдай білу, оның жанын түсіну, ең қиын сәттерде қасынан табылу да аса маңызды. Петр Моисеевичтің адамдарға деген қарым-қатынасы дәл осындай еді. Ол өз елі мен халқы үшін қыруар еңбек еткен тұлға ретінде әрқайсыңызға үлгі болса екен деймін, - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі — жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасап, олардың туған өңірінде еңбек етуге деген ынтасын арттыру екенін атап өтті. Осы мақсатта облыста медициналық инфрақұрылымды дамытуға және дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуға басымдық беріліп келеді.

— Университетке Петр Моисеевич Поспеловтің есімін беру — зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Ұжым отандық медицина мектебінің озық дәстүрлерін сақтап қана қоймай, оларды жаңа ғылыми және практикалық жетістіктермен толықтыратынына сенімдімін, - деп Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев университетті тарихындағы жаңа кезеңмен құттықтады.

Денсаулық сақтау саласының ардагері, медицина ғылымдарының докторы Қанат Ермекбаев Поспеловтің есімін мәңгі есте қалдырудың қазіргі студенттер мен оқытушылар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

— Петр Моисеевич Поспелов — Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Ол ең қиын жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып, өңірге өз медицина кадрларының қаншалықты қажет екенін жақсы түсінді. Облысты дәрігерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Қарағанды медициналық институтын ашуға табанды түрде күш салды. Кейін медициналық білім беруді дамытуға да зор үлес қосты. Университетке Поспеловтің есімін беру туралы шешім — өте әділ шешім. Бұл — жоғары оқу орнының бастауында тұрған, өңірде медицина кадрларын даярлаудың негізін қалаған тұлғаның есімін ұлықтап, рухына құрмет көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Қанат Ермекбаев.

— Әкем Петр Моисеевич Поспеловпен бірге қызмет еткен және ол туралы көп әңгімелейтін. Әсіресе ректордың ауылдан келген талапкерлерге қолдау көрсеткені туралы естеліктері есімде қалыпты. Бірде ол ұлттық кадрларды даярлауға қосымша орын бөлу мәселесін шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне телефон шалған екен. Осылайша жастарға жол ашып, медициналық білім алуына көмектескен. Кейін академиктер мен профессорлар атанған түлектерді жеке танимын. Ректор студенттер үшін де өте қолжетімді адам болған — кез келгені оның қабылдауына кіріп, еркін сөйлесе алатын. Петр Моисеевич туған өлкесінің нағыз патриоты еді, - деді медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, ҚМУ травматология және нейрохирургия кафедрасының меңгерушісі Берік Төлеубаев.

Петр Поспелов Орталық Қазақстанда жоғары медициналық білімнің негізін қалаған тұлғалардың бірі болды. Ол 1950 жылы ашылған институтты ширек ғасырға жуық уақыт басқарды. Осы кезеңде бұрынғы фельдшерлік-акушерлік мектептің ғимаратында орналасқан шағын оқу орны өзіндік ғылыми және білім беру дәстүрлері қалыптасқан ірі медициналық орталыққа айналды.

Ректор ретінде Петр Поспелов ұлттық медициналық кадрларды даярлауға айрықша мән берді. Әсіресе ауыл жастарының білім алуына ерекше көңіл бөлді.

Оның басшылығы кезінде университетте екі мыңнан астам қазақ дәрігері даярланды. Петр Поспелов қазақ тілін меңгеріп, науқастармен ана тілінде еркін сөйлескен.

Бүгінде университетте бакалавриат, магистратура, резидентура және докторантура деңгейлерін қамтитын 79 білім беру бағдарламасы бойынша тоғыз мыңнан астам студент білім алып жатыр. Мерейтой аясында университет тарихына арналған көрме ашылды.

Сонымен қатар халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған қатысушылар биомедицина мен биоинженерияны дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ осы бағыттарды медициналық білім беру жүйесіне, ғылымға және денсаулық сақтау тәжірибесіне интеграциялау жолдарын талқылады.

 

Спорт
22 октября 2026
Қарағандылық Дастан Мұқашбеков Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

V Азия Пара ойындары аясында ерлер арасында F36 санатында ядро лақтырудан жарыс өтті. Қарағандылық Дастан Мұқашбеков 15,47 метр нәтижемен күміс жүлдеге ие болды.

Дастан Мұқашбеков – Қазақстан чемпионаттары мен спартакиадаларының, соның ішінде Қазақстанның Паралимпиадалық ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері.

Параспортшы халықаралық аренада да толайым табысқа жеткен. Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2023 жылы Парижде Азия рекордын жаңартты. IV жазғы Пара Азия ойындарында ядро лақтырудан жеңімпаз атанып, Азия рекордын орнатты (15,74 метр). Сондай-ақ 2024 жылы Францияның Париж қаласында өткен XVII жазғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленді. Ал 2025 жылы Дубайда өткен жеңіл атлетикадан лицензиялық Гран-при жарысында бірінші орын алды.

Фото: Мейіржан Амангелдиев

Ауыл шаруашылығы
Шағын және орта бизнес
22 октября 2026
Қарқаралы ауданында BaiQymyz фестивалінің жеңімпазы туған ауылында жаңа цех ашты

Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылында тұратын Бұрхан Жолтаевтың отбасылық кәсібі 16 жыл бұрын бір биеден басталған. Бүгінде мұнда «Қарқаралы Ақтерек» брендімен қымыз өндіріліп, өнім туған ауылынан тыс жерлерде де танылып үлгерді. Республика күні қарсаңында кәсіпкер «Ақтерек Қымыз» атты жаңа цех ашып, өндірісін дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасады.

Шаруашылықтың тарихы 2010 жылы бір биеден бастау алған. Қазір мұнда 30 бие сауылады, ал «Қарқаралы Ақтерек» брендінің құрылғанына алты жыл толған. Биыл Ақтерек ауылының қымызы Қарқаралы қаласында өткен BaiQymyz-2026 өңіраралық этно-гастрономиялық фестивалінде бас жүлдені иеленіп, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Ал Астанада өткен BaiQymyz халықаралық гастрономиялық фестивалінде шаруашылық «Дәстүр сақтаушы» номинациясына ие болды.

Қымыз өндірушінің айтуынша, фестиваль өнімін кеңінен танытуға ғана емес, кәсіпті дамытуға жаңаша көзқараспен қарауға да мүмкіндік берген.

— Кәсіп жүргізудің жаңа қырларымен танысып, бизнесті дамыту мен ілгерілетуге қатысты көптеген пайдалы ақпарат пен тәжірибе жинақтадым. Сондай-ақ өндіріске қойылатын заманауи талаптар туралы білдім. Мұның бәрі маған тың серпін беріп, кәсібімді одан әрі дамыту туралы шешім қабылдауыма ықпал етті, - дейді Бұрхан Жолтаев.

Жаңа цехтың ашылуы өнім түрлерін көбейтуге мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде шаруашылық ұлттық сусын өндіру көлемін төрт есе арттырып, тәулігіне 400 литрге дейін қымыз өндіре алады.

Жаңа цехтың ашылуымен кәсіпкерді Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин мен BaiQymyz фестивалін ұйымдастырушылардың бірі, Қазақстан Қымыз өндірушілер қауымдастығының президенті Болат Қайыргелдіұлы құттықтады. Олар ұжымға толағай табыс тілеп, өндіріс көлемін одан әрі арттыруға сәттілік тіледі.

 

ТКШ
22 октября 2026
Шахтинскіде көшелерді жарықтандыру жүйесі жаңартылып жатыр

Шахтинск қаласында көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қалада қосымша 336 жаңа жарықтандыру бағаны орнатылып, істен шыққан шамдар ауыстырылады. Сондай-ақ жарықтандыру желілері қалпына келтіріледі.

Жұмыстар бірнеше шағын ауданды қамтиды. Атап айтқанда, Ленинград және Мичурин көшелерінің, Октябрьский даңғылы мен Торговый тұйық көшесінің аумағында жарықтандыру жүйесі жаңартылады.

Қалада жол инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Биыл 27-шағын аудандағы және Мәскеу көшесіндегі кварталішілік жолдардың үш шақырымы жөнделді.

Бұдан бөлек, төрт мың шаршы метр жол жабыны қалпына келтіріліп, жолдарға кіреберістер жөнделді және автокөлік қоятын орындар абаттандырылды. Жол таңбаларын салу кезінде төзімділігі жоғары суық пластик материалы қолданылды.

— Қала инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету — басым бағыттарымыздың бірі. Көшелерді жарықтандыру және қаланы абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастырамыз, - деді Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков.

Шахтинск қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше

ТКШ
22 октября 2026
Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин кентінде кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталды

Бұқар жырау ауданына қарасты Ғабиден Мұстафин кентінде тұрғындар үшін маңызды коммуналдық жоба аяқталды. Кентте жаңғыртылған тазарту құрылыстары іске қосылды.

Кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстары 2024 жылы басталған. Содан бері ұзындығы 13 шақырымға жуық кәріз құбыры тартылды. Сонымен қатар кәріз сорғы құдықтары орнатылып, ағынды судың құрамын біркелкілендіруге арналған резервуар және әрқайсысының сыйымдылығы 50 текше метр болатын таза су резервуарлары салынды. Жаңа жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін электр беру желілері тартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған соң, мамандар жабдықтарды іске қосу және ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.

Жаңғыртылған кәріз жүйесі Мир, Футбол, Әлмағамбетов, Орталық, Мерейтой және Жағалау көшелерін, сондай-ақ Октябрь тұйық көшесін қамтиды.

Тазарту құрылыстарының іске қосылуы кәріз суларын жинап, тиісті деңгейде тазартуға мүмкіндік береді. Бұл қоршаған ортаның ластану қаупін азайтып, кенттегі санитариялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.

Бұқар жырау ауданы әкімдігінің мәліметінше

Көлік инфрақұрылымы
22 октября 2026
Қарағандыда жыл соңына дейін 122 жаңа автобус сатып алынады

Қарағанды облысында қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Республика күні қарсаңында облыс орталығындағы «Таксокомбинат» автопаркіне 20 жаңа автобус жеткізілді. Жыл соңына дейін қаладағы автопарктер тағы 122 автобуспен толықтырылмақ.

«Қарағандыда автобустар саны көбейіп, мүмкіндігінше жаңа автобустар басым болуы керек. Ескі көліктердің санын азайту қажет. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», – деп жазды қала әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Таксокомбинаттың» жаңа автобустары №28 және №31 бағыттарына бөлініп, бұл бағыттардағы көлік саны артады. Ал №01 бағытында жаңа автобустар ескілерін алмастырады.

Сондай-ақ «Автопредприятие» автопаркі №012 бағытында қатынайтын сегіз жаңа автобустың жеткізілуін күтіп отыр. Ал №3 автопарк жыл соңына дейін бірден 60 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Олар 2013 жылы шығарылған автобустардың орнына пайдалануға беріледі.

Қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары көктемде басталған. Содан бері №29 бағытқа 22 жаңа автобус шығарылса, №07 және №011 бағыттары тағы 12 автобуспен толықты. Осылайша, бүгінде 34 жаңа автобус жолаушылар тасымалына тартылған.

Жалпы, соңғы бес жылда Қарағандыдағы қалалық автопарктердің жылжымалы құрамы 80%-ға жаңартылған.

Мейрам Кожуховтың айтуынша, қоғамдық көлік жүйесін жақсарту үшін ескі автобустарды жаңарту жеткіліксіз. Сонымен қатар бағыттардағы автобустар санын арттырып, қозғалыс кестесінің сақталуын қамтамасыз ету және жолаушылардың аялдамада күту уақытын қысқарту қажет.

«Түптеп келгенде, жолаушылар үшін автобустың уақытында келгені, бағыттарда көліктің жеткілікті болуы және жұмысқа, оқуға немесе үйге ұзақ күтпей жету мүмкіндігі маңызды», – деп атап өтті қала әкімі.

Биыл Республика күні Автомобиль көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл мереке дәстүрлі түрде қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Осылайша, жаңа автобустардың кезекті легі қалаға көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жеткізілді.

Спорт
21 октября 2026
Қарағандыда Серік Сәпиев жүлдесі үшін 200-ден астам жас боксшы шаршы алаңға шығады

Қарағандыда Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін бокстан XIV халықаралық турнир өтіп жатыр. Алты күнге жалғасатын жарыста Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Қырғызстанның 2011–2012 жылдары туған 200-ден астам жас боксшысы бақ сынайды. Спортшылар 14 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.

Турнир алғаш рет 2012 жылы Серік Сәпиев Лондон Олимпиадасында топ жарғаннан кейін ұйымдастырылды. Содан бері жарыс халықаралық деңгейге көтеріліп, қатысушылар қатары да кеңейді. Кейін турнирге ұлдармен бірге қыздар да қатыса бастады.

– Қарағанды облысы талантты спортшыларды түлеткен өңір ретінде танымал. Ұлттық құрама сапында әрдайым қарағандылық боксшылар бар, ал аймағымызда бокстың бай тарихы қалыптасқан. Осындай турнирлер арқылы біз сол дәстүрді жалғастырып, спорттың дамуына үлес қосып келеміз. Жарыс барысында жас боксшылар шеберлігін шыңдап қана қоймай, шетелдік қарсыластарымен күш сынасып, халықаралық тәжірибе жинақтайды. Мұндай кездесулер олардың алдағы жарыстарға психологиялық тұрғыдан да дайындалуына көмектеседі, – деді Серік Сәпиев.

Қарағанды облысының атынан турнирге 100 спортшы қатысып жатыр. Олардың 75-і – ұл, 25-і – қыз. Жас боксшылардың кейбірі үшін бұл жарыс өз шеберлігін жаңа деңгейде сынап, әлеуетін көрсетуге берілген маңызды мүмкіндік.

Дін Мұхаммед Ержанов бокспен бесінші жыл айналысып келеді. Ол шаршы алаңға әкесі мен ағасының жолын үлгі тұтып келген.

– Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесі үшін өтетін турнирге қатысу мен үшін үлкен мақтаныш. Біз жарысқа тыңғылықты дайындалдық, көп жаттығып, шеберлігімізді арттыруға күш салдық. Жүлдегерлер үштігіне ілігемін деп үміттенемін, – деді жас боксшы.

14 жастағы Ерсұлтан Мағрипбек бокспен алты жылдан бері айналысады. Осы уақыт ішінде облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.

Қазір ол Әлия Молдағұлова атындағы облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде білім алып жүр. Серік Сәпиев жүлдесі үшін өтіп жатқан турнирде Ерсұлтан Тәжікстаннан келген қарсыласын жеңіп үлгерген.

– Бұл жарысқа қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Жақсы дайындалдым, жеңіске жетемін деп үміттенемін. Қарсыластарымның ішіндегі ең мықтыларының бірі – Астанадан келген боксшы. Екеуміздің кездесуіміз тартысты болады деп ойлаймын, – деді Ерсұлтан.

Өнеркәсіп
Инвестициялар
Инновациялық даму
21 октября 2026
Қарағанды облысында жылыту радиаторларын өндіретін жаңа зауыт іске қосылды

Қарағанды облысында алюминий кластерін қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Республика күні қарсаңында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын Silumin of Qazaqstan зауыты ашылды.

Бұл кәсіпорын толық өндірістік циклден құралады — қайта өңделетін шикізаттан бастап, дайын өнім шығаруға дейін. Құны 20,6 млрд теңге болатын жоба импорттық өнімнің орнын отандық өніммен алмастыруға және өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Жаңа өндіріс орнының ашылу салтанатына облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ басқарма төрағасының инвестициялық қызмет жөніндегі орынбасары Ғаббас Ержанов және компанияның құрылтайшылары қатысты.

– Бұл жоба өңіріміз үшін бірнеше себеп бойынша маңызды. Кәсіпорын жыл сайын радиаторлардың шамамен 5 миллион секциясын шығаруды жоспарлап отыр. Осылайша, импорттық өнімнің үлесін азайтуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар мұнда 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Алайда зауыттың маңызы өндіріс көлемімен ғана шектелмейді. Мұнда алюминий сынықтары мен қайталама шикізат өңделіп, дайын өнімге айналады. Бұл – қолда бар ресурстарды ұтымды пайдаланып, қалдық көлемін азайтуға әрі қосылған құнды еліміздің ішінде қалыптастыруға болатынын көрсететін нақты мысал, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі жыл басынан бері өңір экономикасын дамытуға 800 млрд теңгеден астам инвестиция тартылғанын атап өтіп, жергілікті өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

Ғаббас Ержанов инвесторларды жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл өндіріс орны металлургия саласының өркендеуіне тың серпін беріп, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

Кәсіпорын басшысы Нұрсұлтан Жұмабектің айтуынша, зауыт алюминий өңдеу саласында ТМД елдеріндегі үздік үш кәсіпорынның қатарына кіреді. Өндіріс үдерісі бес негізгі кезеңнен тұрады: металды балқыту, жоғары қысыммен құю, механикалық өңдеу, бояу және қаптау.

Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған. Металды құю кезінде швейцариялық роботтандырылған кешен пайдаланылса, құрастыру және бояу жұмыстары италиялық өндірістік желілерде жүргізіледі. Әрбір радиатор жоғары қысыммен тексеріліп, оның герметикалығы толық бақылаудан өтеді.

— Біздің басты мақсатымыз — отандық құрылыс саласын барлық қажетті стандарттарға сай келетін сапалы қазақстандық радиаторлармен қамтамасыз ету. Біз ресурстарды ұтымды пайдалануға да ерекше көңіл бөлеміз. Қалдықтардың түзілуін барынша азайтуға мүмкіндік беретін балқыту технологиясын енгіздік. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында тұрмыста пайдаланылған алюминий құтылар мен құрылыс жұмыстары кезінде пайда болатын алюминий сынықтарын қайта өңдеуді қолға алдық, - деп атап өтті Нұрсұлтан Жұмабек.

Кәсіпорын өнімдері, ең алдымен, Қазақстанның ішкі нарығына бағытталған. Жылыту радиаторлары тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік нысандар құрылысында пайдаланылмақ. Таяу шетелдерге экспорт шығару да көзделіп отыр. Зауытты толық өндірістік қуатына шығару 2028 жылға жоспарланған.

 

Жаңа өндіріс орнының іске қосылуы өңірде алюминий кластерін қалыптастыруға жол ашпақ. Бұл кластер қайталама шикізатты өңдеуді, алюминий қорытпаларын өндіруді және дайын бұйымдар шығаруды өзара байланыстыра отырып, өндірістік тізбекті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорын ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және білікті мамандар даярлау мақсатында жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытуды жоспарлап отыр.

Инвестициялар
21 октября 2026
Қарағанды облысында электр желілері жаңғыртылып, энергиямен жабдықтау сенімділігі артады

Қарағанды облысында электр желілерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Қарағанды Жарық» компаниясы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып жатыр. Жұмыстар электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға, сондай-ақ өңірдегі жаңа кәсіпорындар мен нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «МАЭС-2 – Қарағайлы» және «Астаховка – Шоқай» учаскелерінде жұмыстар жүргізілуде.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 58,2 шақырым болатын жоғары кернеулі электр беру желілері қайта жаңғыртылып, қосалқы станциялардың бірінің қуаты ұлғайтылады. Электрмен жабдықтау тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін желілер екі дербес бір тізбекті желіге бөлінеді.

«РТИ» қосалқы станциясының қуаты бір жарым есеге артып, 80 мыңнан 126 мың кВА-ға дейін жеткізіледі. Бұл электр энергиясын тұтыну көлемі ұлғайған жағдайда қосымша қуат қорын қамтамасыз етіп, тұтынушылардың сұранысын өтеуге мүмкіндік береді.

Ал «Жосалы» қосалқы станциясында қуаты 1000 кВА болатын екінші күштік трансформатор орнатылып жатыр. Бұл жабдықты жаңарту Қарқаралы ауданының тұтынушыларын электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету үшін маңызды.

Жаңғыртылған энергетикалық инфрақұрылым жаңа өндіріс орындарын электр желілеріне қосуға және Saran индустриялық аймағын дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, қолға алынған жұмыстар теміржолды қоса алғанда, стратегиялық маңызы бар нысандардың энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту өңірлердің тұрақты дамуына, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға негіз қалайды.

«Қарағанды Жарық» ЖШС баспасөз қызметінің ақпараты бойынша

 

 

Спорт
21 октября 2026
Қарағандылық Диас Кенжебек Жапонияда өткен Азия Пара ойындарында үш медаль жеңіп алды

Қарағанды облысының 22 жастағы жүзушісі Диас Кенжебек Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында екі күнде үш медаль — екі күміс және бір алтын жүлде иеленді. Спортшы Азия чемпионы атанып, құрлық рекордын жаңартты.

20 қыркүйекте Диас екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан қоржынына бесінші алтын медальді салды. S10 санатында 100 метрге арқамен жүзуден өткен финалдық жарыста қарағандылық спортшы жапониялық екі қарсыласынан озып, 1 минут 1,98 секунд нәтижесімен жеңіске жетті. Осылайша паражүзуші 1 минут 3,73 секундты құраған Азияның бұрынғы рекордын жаңартты.

Сол күні Диас Кенжебек 200 метрге кешенді жүзуден күміс медаль жеңіп алды. Ал жарыстың алдыңғы күнінде 100 метрге еркін стильде жүзуден екінші орын иеленген еді.

Диас Кенжебек — есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол паражүзумен он жылдан астам уақыт айналысып келеді. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық жарыстарда көптеген жүлдеге қол жеткізген. Спортшыны Светлана Кучина жаттықтырады.

Социальные сети
saryarqaaqparat
Сарыарқа
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы