"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры Қарағанды облысындағы 117 жобаны қолдады

"Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры Қарағанды облысындағы 117 жобаны қолдады

2020 жылы "Даму" кәсіпкерлікті дамыту Қоры Қарағанды облысының кәсіпорындарына бизнесті жеңілдікпен несиелендірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 6,7 млрд.теңгеге несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетті. Бұл туралы баспасөз туры барысында "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ өңірлік филиалының директоры Гүлнәр Сүйіндікова хабарлады.

- Ағымдағы жылы жалпы несие сомасы 6,7 млрд теңгені құрайтын субсидиялау құралы бойынша 117 жобаға қолдау көрсетілді. 64 кәсіпкер 2 млрд теңгеге Қор кепілдігін алды. Биыл пандемияға байланысты дағдарысқа қарсы шаралар аясында Бизнестің жол картасы - 2020-2025 өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, салалық шектеулер алынып тасталды. Енді кәсіпкерлердің кең ауқымы субсидиялау және кепілдендіру түрінде мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Салалық шектеулерді алып тастаумен қатар, субсидиялау үшін несиенің ең жоғары сомасы - 7 млрд теңге, сондай-ақ кепілдік беру сомасы - 1 млрд теңге ұлғайды, - деді Гүлнәр Сүйіндікова.

Жеңілдетілген несие алған кәсіпорындар қатарына: энергетикалық жабдықтар өндіретін компания - "Казэнергомаш" корпорациясы" ЖШС, "Өнеркәсіпке жәрдемдесудің қазақстандық институты" ЖШС және "Тұлпар" Кардиореабилитациялық орталығы кірді.

Кардиореабилитациялық орталық миокард инфарктісін және кардиохирургиялық ота жасатқан пациенттердің табиғи тіршілігін қалпына келтіру бойынша медициналық қызметтерді ұсынады.

- Біз өткен жылдың қыркүйек айында ашылдық. Бізді "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банк қолдады - біз 100 млн теңге алдық. "Даму" несие мөлшерлемесінің 5,7%-ын субсидиялау бізге ғимаратты қайта жаңғыртуға, жөндеу жүргізуге және жабдық сатып алуға мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде біз 1 500 пациентті емдедік. Бүгінде орталық толық қуатында жұмыс істейді. Бізде тәулік бойы 80 төсек және 20 күндізгі стационар кереуеттері бар. Бізге басқа облыстардан да пациенттер келеді. Қазір біз мемлекет қолдауының арқасында аяғымызда нық тұрмыз, - деп атап өтті "Тұлпар" КДО директоры Баян Екіжанова.

"Өнеркәсіпке жәрдемдесудің қазақстандық институты" ЖШС "Даму" компаниясымен 2015 жылдан бері ынтымақтасып келеді. Бүгінгі күні институт базасында сынақтардың сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз ететін жаңа жабдықтары бар сынақ зертханасы жұмыс істейді. Компания жобаларды субсидиялау және кепілдендіру бөлігінде бірнеше рет мемлекеттік қолдау алды.

Жабдықты сатып алуға компания банктен жылдық 14% мөлшерлемемен несие алды, оның 8%-ын "Даму" Қоры субсидиялайды. Қалған 6% ЖШС өз бетінше төлейді. Қарыздың жалпы сомасы 264 млн теңгені құрады. Бұдан басқа, компания Қордан 132 млн теңге сомаға жобаны 50%-ға дейін кепілдендіру түрінде қолдау алды.

- Біздің компания зерттеулермен, сондай-ақ өндірістік объектілердің экологиялық мониторингімен айналысады. Біз "Даму" компаниясымен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Қор бізді кепілдік түрінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауда қолдады. Бұл қаражаттың барлығы экологиялық мониторинг зертханасын құруға жұмсалды. Мемлекеттік қолдау аясында біздің зертхана жедел және сапалы талдауға арналған жаңа жабдықтармен толықтырылды, - дейді "Қазинсоп" ЖШС директоры Ернар Мұханғалиев.

"Казэнергомаш" корпорациясы" ЖШС энергетикалық жабдықтар өндірісінде маманданған: жоғары қысымды құбырлар және энергетикалық қазандықтарды қыздыру беттері, сондай-ақ жоғары және төмен қысымды құбыр бөлшектері, коллекторлар, қазандықтардың барлық түрлерін қыздыру бөліктері, мембраналық панельдер және тірек-аспалы жүйелер. Қазақстан нарығында компания 9 жыл жұмыс істейді. Биыл компания "Даму" Қорының бағдарламасы аясында алынған жеңілдікті несиеге айналым қаражатын толықтырды.

- Бүгінде біздің компания бу құбырлары мен қазандықтардың барлық түрлерін қыздыру беттеріне арналған бөлшектерді дайындауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен жабдықталған. Жыл сайын біз өндірілетін өнімнің ассортиментін ұлғайтамыз, технологияларды жаңартамыз, сондай-ақ экспорт пайызы өсуде. Жыл сайын біз Ресей мен Өзбекстанға 500 тоннадан астам өнім экспорттаймыз. Біздің компанияда 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Біз үшін мемлекеттік қолдау өте маңызды, - деп атап өтті "Казэнергомаш" корпорациясы" ЖШС коммерциялық директоры Станислав Рубан.

Осылайша, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялаудың арқасында Қарағанды облысының кәсіпорындары жабдықтар сатып алды, үй-жайларды қайта жаңартуды жүргізді және өнімдер мен қызметтер спектрін өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретін айналым қаражатын толықтырды.