
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен түсірілген режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі қыркүйектің 2-сі мен 13-і аралығында Парижде өткен L'Étrange Festival кинофестивальінің Гран-приін жеңіп алды.
Арнайы «Жаңа жанр» жүлдесін Франциядағы ең ірі ақылы телеарналардың бірі - Canal+ арнасы табыстады. Фильмнің көрсету құқығын сатып алатын бұл телеарна отандық туындыны көрермендерге прайм-тайм уақытында көрсететін болады. Бұл туралы картинаның режиссері Ақан Сатаев хабарлады.
Биыл 26-шы рет өткізіліп отырған L’Etrange Festival фестивалі әлемдегі ең ерекше фильмдердің көрсетіліміне негізделген. Айта кетсек, фестивальдің халықаралық байқауына «Томирис» фильмінен басқа 13 фильм қатысты, олардың қатарында Ұлыбритания, Австралия, Ресей, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея және басқа елдердің режиссерлері түсірген туындылар бар.
Еске салсақ, кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан кек алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады.
Айт кетейік, фильм «Қазақфильм» киностудиясында Sataifilm компаниясының қатысуымен түсірілген.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ақпараты бойынша