
15 қыркүйектен бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымының тұратын аумағы шегінде еркін таңдау бойынша жыл сайынғы науқан басталады. Емханаға екі айдың ішінде 15 қарашаға дейін тіркелуге болады.
Қарағанды облысында амбулаториялық - емханалық көмек көрсететін 46 ұйым бар.
Науқан кезеңінде емханаға әлі тіркелмегендер, сондай-ақ АМСК ұйымын ауыстырғысы келетіндер тіркеле алады. Бірақ жаңа медициналық мекемеде медициналық көмекті 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап алуға болады. Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтарға бұрын тіркелген емханада қызмет көрсетіледі. Медициналық ұйым тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алдағы жылға қормен алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуға тиіс. Бекіту науқанының қорытындысы бойынша халықтың медициналық ұйымдар бөлінісінде бөлінуін ескере отырып, 2021 жылға қаржыландыру жоспарланатын болады.
- Дәрігер бекітілген пациенттердің денсаулығын бақылау үшін тұрғылықты жеріне жақын емхананы таңдау ұсынылады. Мұндай жағдайда қажет болған кезде дәрігерлер пациенттерге үйлеріне бара алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды, - деп атап өтті «Қарағанды қаласының №1 Көпбейінді ауруханасы» КМК директорының орынбасары Радмила Габдракипова.
Емханаға тіркелу бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады.
Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ болған кезде жүргізіледі. «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті өткен жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде бекітілгені туралы хабарлама беріледі.
Жекелеген санаттар тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат беру қажет. Бұл санаттарға: зейнеткерлер; мүгедектер; бала кезінен мүгедекке заң бойынша тағайындалған қамқоршылар; жебеушілер немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер; колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар; студенттер; мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер; шет мемлекеттерде туылған балалар; сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
Бекіту науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелуге қолжетімді емханалардың тізімімен www.fms.kz Қор сайтында, «емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.
2020 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қарағанды облысында 19 мыңнан астам адам АМСК ұйымдарына бекітілмеген. Оларға тіркелу мәртебесін тікелей тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электрондық үкімет веб-порталында ЭЦҚ арқылы тексеру ұсынылады.
- Сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқығы бар екенін естеріңізге саламыз. Жоспарлы емдеуге жатқызу, белгілі бір мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болу қажет. Өзінің сақтандырылу мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-да SaqtandyryBot арқылы білуге болады, - деп толықтырды медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша