
Мамыр айынан бастап Шахтинск қаласының маршруттарында ONAY электронды билеттеу жүйесі енгізіледі. Қолма-қол ақшасыз төлемге көшу № 1 (Шахтинск – Шахан), № 2 (Шахтинск – Долинка) және № 3 (Шахтинск – Новодолинский кенті) маршруттарына қатысты болады.
ONAY жүйесі осы бағытта жүретін екі облыстық маршрутта жұмыс істейді: № 121 Қарағанды – Шахтинск және № 127 Қарағанды – Шахан. Жақын арада оларға № 205 Шахтинск – Абай және № 239 Шахтинск – Топар қосылады.
– Жаңа жүйенің енгізілуімен тарифтер өзгереді. ONAY көлік картасымен қалаішілік бағыттар бойынша жол жүру құны 80 теңгені құрайды, ал қолма-қол ақшамен төлегенде – 150 теңге болады, – деп түсіндірді қалалық ТКШ және автомобиль жолдары бөлімі бастығының м.а. Азат Айтышов. – Жеңілдікпен жол жүру, бұрынғыдай, азаматтардың бірнеше санаты үшін қарастырылады: көп балалы отбасылар, I топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. 18 жасқа дейінгі балалар тарифтің 50% төлейтін болады.
ONAY көлік карталарын қаланың барлық ірі сауда нүктелерінде сатып алуға болады. Жеңілдікті көлік карталарын рәсімдеу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жүгіну қажет. Оқушылар үшін карталар білім бөлімі арқылы рәсімделеді.