Ең бастысы, театрлар көп болуы керек

Ең бастысы, театрлар көп болуы керек

Орны жоқ билет, сахнасы жоқ, аз ғана декорациялар мен актерлер, ғашықтар, сізден жарты метр қашықтықта азап шегіп, қайғырушылар – мұның бәрі заманауи иммерсивті театрлар туралы. Қарағандыда мұндай екі театр бар. 

Біз ол екеуінің жетекшілерімен көрермендер түрлі қойылымдарға қалай қарайтыны, мұндай өнер ақша әкеле ала ма және тәуелсіз театрлар академиялық театрларға кім болып келетіні: бәсекелестер ме, әлде одақтастар ма екендігі туралы әңгімелестік.

Мария Сигал, «Наскальный кит» тәуелсіз театрының жетекшісі:

Театр құру идеясының қалай пайда болғаны туралы

2010 жылдан бастап бізде Kids-TV кино және теледидар мектебі болды, онда біз балаларды түрлі бағыттар бойынша оқытумен айналыстық: актерлік шеберлік, режиссура, журналистика, КВН. 2019 жылы бізге педагог келді, ол да театр режиссері болды. Онымен бірге бізде тәуелсіз театр құру идеясы пайда болды. Сол кездің өзінде, мысалы, Алматыда олар көп болатын, біз ол жаққа үнемі барып, қойылымдарға баратын едік.

Бірақ біз ол кезде қандай да бір театр құру туралы ойлаған жоқпыз, театр өнерін біздің мектептің бір бағытына айналдырмақпыз. 2019 жылы біз тіпті «Ромео және Джульетта» спектаклін қойдық. Балалар мәтін, музыка жазды - бұл музыкалық қойылым еді. Бұл мюзикл Музыкалық комедия театрында көрсетілді, содан кейін серіктес қалаларды араладық – Абай, Шахтинск. Сол кезде біз оны одан әрі дамытқымыз келетінін түсіндік.

Театр құру туралы ойға қайта-қайта оралдық. Қойылымдар жайлы идеяларымыз болды, бірақ біз оларды үнемі кейінге қалдыратын едік. Енді 2021 жылы егер оны қазір ашпасақ, бұл идеяға енді тиіспейміз деп шештік. Нәтижесінде «Наскальный кит» тәуелсіз эксперименталды театры ашылды.

Көрермен қалай қабылдайтыны туралы

Біздің алғашқы қойылымымыз Кобо Абэнің «Жәшік-адам» романы бойынша болды. Ол кезде, пандемия мен барлық шектеулердің соңында ол өте өзекті тақырып болды. Бастапқыда бізде 45 орындық болды, сол кезде аншлаг болатын. Адамдарға «Жәшік-адам» өте ұнады.

Жалпы, бізде барлық қойылымдарда аншлаг болады. Уақыт өте келе біз залды 90 орынға дейін кеңейттік. Біздің спектакльдер соншалықты тез дайындалмайды – бірнеше ай кетеді. Біз барлығын өте мұқият дайындаймыз: материалды іріктейміз, оқимыз. Содан кейін қойылымға дайындаламыз. Декорацияға да тәуелсіз театр басқа да жобалардан алатын ақша керек.

Әрине, адамдар әр түрлі қабылдайды. Біреулер бәрі ұнайды, біреулері ұнамайды дейді. Тағы біреулер «Бұл өнер емес!» деп спектакльден қашады. Бірақ кейін қайтып оралып, бізбен бірге қалғандары да болды.

Кейде адамдар қойылымнан кейін бір-екі апта өткен соң, спектакльді енді ғана түсінгенін немесе бұрын олардың түп санасына жетпеген заттарды түсінгенін жазады. Бұл, әрине, біз үшін өте құнды.

Бәсекелестік пен достық туралы

Мен қазір өзімнің романтикалық көңіл-күйіммен академиялық театрлар мен тәуелсіз театрлар бәсекелес емес, одақтас деп айтамын. Мен солай болғанын қалаймын. Мысалы, біздің алаңда сәуірде Сейфуллин атындағы театрдың актерлері өнер көрсетеді. Олар өз театрларында өткізе алмайтын поэзия кешін өткізеді. Бұл біз үшін де, олар үшін де қызықты тәжірибе. Әрине, олар үшін театр қай ғимаратта орналасқанынан бастап басқа да көп нәрсе үйреншікті емес.

Сондай-ақ, Теміртау жастар театрымен тығыз достастық орнаттық. Олардың қойылымдарын көруге барамыз, олар біздікін көреді. Театр мен жалпы өнерге қатысты әртүрлі мәселелерді жиі талқылаймыз.

Бірақ, кейбір театрлар біздің актерлеріміздің арнайы академиялық білімі жоқ болғандықтан, бізді білімсіз деп санайтынын білемін. Бірақ бұл олардың дайын емес екенін білдірмейді. Біздің қоюшы режиссеріміз олармен үлкен жұмыс жүргізуде. Олар өз рөлдерін тамаша ашады. Мен өзім академиялық театрларға барамын. Ойлау өте маңызды деп санаймын. Кез келген шығармашыл адам үшін ой-өрісін дамыту, өнер қандай болатынын, театр қандай болатынын түсіну маңызды.

Қалай болғанда да, менің ойымша, тәуелсіз театрлар шығармашылық адамдарға түрлі тақырыптарда, оның ішінде репертуарлық театрларда көтерілмейтін тақырыптарда сөйлеуге мүмкіндік беру үшін маңызды және қажет. Бізде, мысалы, барлық спектакльдер өте ауыр тақырыпта. Қазір біз бір актриса жазған пьеса бойынша қойылым дайындап жатырмыз. Ол көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат туралы. Сондай-ақ, терең әрі өте қайғылы спектакль болады. Бірақ мұндай нәрселер туралы айту керек.

Дунай Еспаев, D.A.T. тәуелсіз қазақ театрының негізін қалаушы:

Театр құру туралы

Менде театр құру идеясы бұрыннан бар еді. Студент кезімнен бері ойлап келгенмін. Сонан соң, Мәскеуде режиссурада оқып жүргенде, «Неге бізде барлық театрлар бірдей?» деп ойладым. Меніңше, театр жалпы көпшілікке емес, нақты көрермендерге бағытталуы тиіс. Содан кейін бұл идея мен Сейфулин атындағы театрдың көркемдік жетекшісі, кейіннен Станиславский атындағы театрдың жетекшісі ретінде шетелдік гастрольдерге шыққаннан кейін шоғырланды. Шетелде мен түрлі театрларды көрдім, олардың көпшілігі табысты. Яғни, театр өнері дұрыс көзқараспен және қандай да бір қолдау болса, табысты екенін көрдім.

Осының бәрі ішкі жан дүниемде пісіп жетілгенде, менде жеке шығармашылық дағдарыс басталды. Осыдан екі жыл бұрын мен мемлекеттік театрдан кетіп, тәуелсіз жеке театр құру бойынша жұмыс істей бастадым. Бақытымызға орай, меценат табылды. Оның қолдауымен біз D.A.T. театрын аштық. Бәрін де қалағанымыздай істедік: театр сахналық қорапсыз, иммерсивті бағытта. Театрда актерлер көрермендермен тікелей махаббат пен өшпенділік, жақсылық пен жамандық және т.б. мәңгілік тақырыптарда сөйлейді.

Бірінші спектакль және көрермендер туралы

Біздің алғашқы спектакльді қою үшін мен Әзірбайжандағы әріптестерім Микаил Микаилов пен Мұстафа Мұстафаевты шақырдым. Ақшам болмағанына қарамастан, олар қуана келіп, қойылымға көмектесті. Алғашқы спектакль «Поезд 21:15» болды. Бұл халықаралық ынтымақтастық: авторы Тойгун Орбай – түрік, қоюшы әзірбайжандық, ал спектакльді қазақстандық актерлер ойнады.

Премьераны біз екі күн көрсеттік. Жалпы, иммерсивті театр тұжырымдамасының өзінде көрермендер саны 50-ден аспайтынын білдіреді. Мен оны 80-ге дейін ұлғайтуды ұйғардым. Нәтижесінде, спектакльдің бірінші күні де, екінші күні де жүзден астам көрермен спектакльді тұрып тамашалады. Бұл ретте ешқандай наразылық немесе реніш болған жоқ.

Осылайша, біз бес спектакль қойдық.

Театр және салауатты бәсеке туралы

Театрларды кез келген тілде ашуға болады – бастысы театрлар көп болуы керек. Кішкентай, үлкен, опералық, көлеңкелі театрлар. Сонда салауатты бәсекелестік болады және өнерде тоқырау болмайды. Көрермен таңдау құқығына ие болады. Ол қандай да бір премьералық спектакльдерді күтпейді. Мысалы, бір ғана Мәскеуде 200-ден астам театр бар. Әр көрерменнің өз театры бар деуге болады. Мысалы, Ыстамбұлда пәтерде орналасқан театр бар, онда бес-алты адам билет сатып алып, пьесаны бірге оқиды. Бұл да театр.

Әрине, мемлекеттік театрлар сенімді, себебі оларды мемлекет субсидиялайды. Жеке театрларды мемлекет қаржыландырмайды. Егер меценат болса, жақсы. Бірақ театр ісі – бұл өз кәсібіне адал адамдардың ісі, олардың бұған көңілі толады. Мен тәуелсіз театрлар мен мемлекеттік театрлар бір-біріне экономикалық тұрғыдан бәсекелес бола алмайды деп ойлаймын. Керісінше, олар көрермен үшін күресе алады. Олар әр түрлі формадағы қойылымдар ұсынады, әр түрлі тұлғалар болады, жастар ілгерілейді, әр түрлі режиссерлер келеді...