
Қарағанды индустриялық университеті мен Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім сұранысқа ие мамандарды даярлауға және студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға көмектеседі, бұл әсіресе Жұмысшы мамандықтар жылында өзекті.

Оқу орындарының басшылары үйлестірілген білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасу, ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларын жүргізу сияқты бірлескен жұмыстардың әлеуетін талқылады.

– ҚарИУ-мен ынтымақтастық бізге жаңа көкжиектер ашады, – деп атап өтті Теміртау кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Мәди Төлеуғазы. – Біз университет оқытушыларының қатысуымен қонақ дәрістер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ҚарИУ кафедралары меморандум аясында біздің колледждің түлектерімен кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізеді.

Университетте сапалы оқу үшін барлық жағдай жасалған: заманауи инфрақұрылым, ғылыми-зерттеу зертханалары, электрондық ресурстар және тәжірибелі оқытушылар, олардың ішінде мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары мен беделді сыйлықтардың иегерлері бар. Осының бәрі заманауи еңбек нарығының талаптарына сай келетін мамандар шығаруға мүмкіндік береді.

– Бұл меморандум білім беруді дамытуға, жұмысшы мамандықтарының тапшылығын азайтуға және екі оқу орны түлектерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға көмектеседі, бұл олардың болашақта жұмысқа орналасуына сөзсіз әсер етеді, – деп атап өтті ҚарИУ ректоры Бақыт Жәутіков.

Сондай-ақ, тараптар білім, ғылым және өндіріс арасындағы байланыстарды нығайтуды жоспарлап отыр, бұл студенттерге еңбек нарығының талаптарына тез бейімделуге мүмкіндік береді.