
Қарағанды облысында спорт инфрақұрылымын кеңейтуге көңіл бөлінуде, оның ішінде ауылдық жерлер де назардан тыс қалмайды. Бұқаралық спортты дамыту үшін бірнеше жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері іске қосылды: Қарақұдық ауылында, Топар және Сарышаған ауылдарында. Өңірде жасанды жабыны бар 49 спорт алаңы мен 11 көп функционалды хоккей корты орнатылған.

Қарағандыда ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың халықпен есеп беру кездесуі өтті, онда қол жеткізілген жетістіктер мен проблемалар талқыланды.

Спорттың олимпиадалық түрлерін дамытуға бірінші кезекте назар аудару қажет, деп атап өтті Ербол Мырзабосынов. Ол сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде спорт нысандарын түгендеу жүргізілгенін атап өтті. Нәтижесiнде спорт инфрақұрылымын дамытуды қажет ететiн елдi мекендердiң тiзбесi анықталды.
Кездесуде туризмді дамыту туралы да айтылды. Қарағанды облысында осы салада өсім байқалады. Өткен жылы туризм саласында 13 инвестициялық жоба іске қосылды.

– Өткен жылдың маусым айында Мемлекет басшысы туризмді дамытуға арналған ауқымды кеңес өткізді. Осыған байланысты тапсырмалардың сапалы және уақытылы орындалуы ерекше бақылауда болуы тиіс. Қазіргі уақытта Балқаш қаласының жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңірге келетін туристерге бос уақытын тиімді өткізуге және қала орталығын тамашалауға мүмкіндік береді. Қала маңындағы туризмді дамытуға, атап айтқанда, Абай ауданындағы Шерубай-Нұра су қоймасының жағалауын жайластыруға ерекше көңіл бөлінеді, – деп атап өтті Ербол Мырзабосынов.

Сонымен қатар, министр заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы күрес шаралары туралы айтты. Ол ойын автоматтары мен лотерея терминалдарын жеткізуге лицензиялау енгізілетінін еске салды.

Есеп беру кездесуінен кейін Туризм және спорт министрі азаматтарды жеке қабылдады.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша