Білім және ғылым министрі балабақшаларға бөлу жүйесіндегі өзгерістер туралы айтып берді

Білім және ғылым министрі балабақшаларға бөлу жүйесіндегі өзгерістер туралы айтып берді

Алты жасқа дейінгі барлық балаларды Қазақстанда мектепке дейінгі оқытумен қамту жоспарланып отыр. Бұл мәселе қалай шешілетінін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.

- Алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті 2025 жылға қарай кезең - кезеңімен іске асыру көзделіп отыр, - деп хабарлады министр үкімет отырысында.

Бұл жұмысты мектепке дейінгі білім берудегі жеке сектордың үлесін арттыру арқылы жүргізу жоспарланып отыр.

- Егер қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырысты орналастыру аудандық және қалалық білім бөлімдерінің құзырында болса, енді ваучерлік қаржыландыру арқылы ата - аналар баланы қай балабақшаға жіберу керектігін өздері шеше алады, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында мектепке түскенге дейін баланың жан-жақты дамуы мәселесін шешу қажеттігін атап өткен болатын.

- 2025 жылға қарай алты жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтуды қамтамасыз ету міндетін қоямын. Тек мемлекеттік балабақшалардың құрылысы бұл мәселені шешпейді. Жеке бизнесті тарту, қаржыландырудың ваучерлік механизмін қоса алғанда, қолдаудың жаңа түрлерін табу қажет, - деді ҚР Президенті. - Ата-аналар кез-келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, сол жерде мемлекеттен алынған ваучер арқылы төлем жасай алады.