Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасында төрт жүлделі орынға ие болды

Қарағандылық оқушылар Халықаралық Жәутіков олимпиадасында төрт жүлделі орынға ие болды

Астанада математика, физика және информатикадан XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасының қорытындысы шығарылды. Қарағандылық оқушылар төрт жүлделі орынға ие болды.

Зияткерлік жарыстарға әлемнің 15 елінен жоғары сынып оқушылары қатысты. Жеңіс үшін олар оқушылармен бірге оқытушылар кіретін командалар құрамында бақ сынасты.

Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері, он бірінші сынып оқушысы Әліби Ақберді мен «Білім-инновация № 1» лицей-интернатының оныншы сынып оқушысы Жанарыс Теңдіков сәйкесінше физикадан ІІ және ІІІ орындарды иеленді.

Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицейдің он бірінші сынып оқушысы Әлішер Қазтаев информатикадан екінші орын алды.

«Мұрагер» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы Бейбарыс Жеңісбек математикадан қола жүлдеге ие болды.

– Жәутіков олимпиадасындағы тапсырмалардың күрделілігі соншалық, арнайы дайындығы жоқ қарапайым оқушы тіпті шарттарын түсінбеуі де мүмкін. Жеке өзім дайындыққа екі жыл жұмсадым, оның ішінде бір жыл өте көп дайындалдық, – деді Бейбарыс.

Жоғары сынып оқушысының айтуынша, жүлделі орын оған Қазақстанда да, шетелде де жоғары оқу орнына түсу кезінде артықшылық береді.

– Мен Computer Science оқуды жоспарлап отырмын. Әзірге нақты кім болып жұмыс істейтінімді нақты айта алмаймын, бірақ менің болашақ қызметім математика мен информатикамен тығыз байланысты болуы әбден мүмкін, –деп бөлісті жоғары сынып оқушысы.