
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев "Orhun Medical" түрік компаниясының өкілдерімен кездесті. Денсаулық сақтау саласында маңызды жобаны іске асыру талқыланды. Онкологиялық науқастарға көмектесу үшін ядролық диагностика орталығын салу жоспарлануда.

Қарағандыда "Orhun Medical" компаниясы бұрыннан белгілі. Қалада оның медициналық орталығы жұмыс істейді. Биыл № 3 көпсалалы ауруханада радиациялық онкология орталығы жабдықталды. Компанияның жеке инвестициялары есебінен сау тіндерге аз әсер ететін ісіктерді емдеуге мүмкіндік беретін томотерапия аппараты орнатылды.

Ынтымақтастық әлі де жалғасады. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова ҚР Үкіметі онкологиялық көмек көрсету үшін медициналық инфрақұрылымды жақсарту мақсатында инвестициялық келісімге қол қойғанын хабарлады. Қарағандыда ядролық диагностика орталығын салу жобасын іске асыру жоспарлануда. Ол үшін инвесторға берілетін жер учаскесі де табылды.
– Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаймыз. 2025 жылдың соңында радиофармпрепараттарды қолдана отырып, заманауи диагностиканы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл әдіс онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді, – деді "Orhun Medical" бас директоры Дирик Гененч. – Біз сондай-ақ жергілікті кадрларды оқытуды ұйымдастырамыз.
Осы орталық ашылғаннан кейін Қарағанды облысының пациенттеріне зерттеуге Астанаға немесе Алматыға барудың қажеті болмайды. Олар жоғары білікті көмекті жергілікті жерден ала алады.
– Бұл жоба біз үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Бұл біздің тұрғындар үшін қажет. Біздің тарапымыздан жан – жақты көмек көрсетіледі, – деп сендірді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол жер учаскесін сенімгерлік басқаруға беру мәселесін шешуді тапсырды. Сондай-ақ, жобаны іске асыру бойынша Жол картасын әзірлеу қажет.