Қарағанды облысының төрт мұғалімінің авторлық бағдарламасы республикада үздік деп танылды

Қарағанды облысының төрт мұғалімінің авторлық бағдарламасы республикада үздік деп танылды

Алматыда "Үздік авторлық бағдарлама-2024" Республикалық педагог – зерттеушілер байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Оны жыл сайын озық педагогикалық тәжірибені анықтау мақсатында "Дарын" РҒПО ұйымдастырады. Биыл Қарағанды облысының төрт мұғалімі екінші және үшінші дәрежелі дипломға ие болды.

Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 186 педагог-зерттеуші қатысты. Сайыс үш кезеңнен тұрады. Ақтық сайыс дипломанттарды марапаттаумен Алматыда өтті. Қорытындысы сегіз бағыт бойынша шығарылды.

Мектепке дейінгі білім беруде екінші орынды қарағандылық Әйгерім Әбдірахманова иеленді. "Балақай" бөбекжай-бақшасында ол балаларға робототехниканы үйретеді.

Жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерді оқытуда "Телемедицина" бағдарламасын әзірлегені үшін Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының биология мұғалімі екінші дәрежелі дипломға ие болды.

Қарағанды командасының физика – математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда тағы екі үшінші дәрежелі дипломы бар. Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның информатика пәнінің мұғалімі Нұргүл Жексенбина мен "Мұрагер" мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Евгения Герасименконың авторлық бағдарламалары атап өтілді.

Сонымен қатар, № 2 "Білім-инновация" лицей-интернатының екі мұғалімі Перуза Жайықбаева мен Ботагөз Мейірманова арнайы грамоталар алды.