Алдын ала нәтижелер бойынша Қарағанды облысынан сенатор болып Сергей Ершов сайланды

Алдын ала нәтижелер бойынша Қарағанды облысынан сенатор болып Сергей Ершов сайланды

Қазақстанда бүгін, 12 тамызда Парламент Сенаты депутаттарының сайлауы өтті. Барлық өңірдегі сайлаушылардың бірлескен отырыстары сағат 11:00-де басталды. Дауыс беру және бюллетеньдерді санау аяқталғаннан кейін ОСК ресми сайтында (www.election.gov.kz) алдын ала нәтижелер жарияланды.

Карантин жағдайында дауыс беру пунктері барлық санитариялық талаптарды сақтап ұйымдастырылды. Қарағандыда сайлау «Жастар» спорт кешенінің ғимаратында өтті. Оның ауданы әлеуметтік қашықтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Медициналық бетперденің болуы міндетті болды.

Осы жылы коронавирус жұқпалы ауруы пандемиясына байланысты сайлау алды насихаттау өзгеше өтті. Үміткерлер сайлаушылармен онлайн жүздесті.

ОСК ақпараты бойынша, Қарағанды облысында сайлаушылардың келуі 98%-ды құрады. Алдын ала нәтижелер бойынша, Сергей Ершов сенатор мандатын сақтады және жоғары палатада екінші мерзімге қалады. Ол үшін сайлауға қатысқан мәслихат депуттары көпшілік дауысын берді - 83,15%.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Андрей Ляпунов 10,49% дауыс жинады. Облыстық мәслихат депутаты, «Шахтинская» шахтасының директоры Игорь Ахмеев 6% артық дауыс жинап үшінші орынды алды.

ОСК сайлаудың соңғы нәтижелерін 18 тамызға дейін жариялайды.

Еске сала кетсек, Қазақстанда Сенат депутаттарына жанама сайлау құқығы негізінде сайланады. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары дауыс береді.

Сайлау туралы заңнама бойынша 30 жастан асқан, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі болатын адам сенатор бола алады. Сенат депутаты тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала не республика астанасы аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұруы тиіс.

Сенатордың өкілеттік мерзімі - алты жыл.