Covid-19 пандемиясы жағдайында Құрбан айтты қалай атап өтуге болады

Covid-19 пандемиясы жағдайында Құрбан айтты қалай атап өтуге болады

Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров «Коронавирустық инфекцияның таралуына ықпал ететін жаппай іс-шараларға тыйым салу туралы» №32 қаулыда Құрбан айт мерекесі кезінде сақталуы тиіс санитарлық талаптарды түсіндірді. Олар мал сою, құрбандық шалу және жаппай шараларға тыйым салу ережелеріне қатысты.

COVID-19 пандемиясына байланысты биыл Құрбан айт мерекесі қатаң шектеулерд сақтай отырып өтеді. Ең басты талап – құрбандық шалуға қатысты. Биыл діндарларға мұны жеке дара жүзеге асыруға тыйым салынады. Рәсімді онлайн режимінде орындау ұсынылады. Виртуалды құрбандыққа өтінімдер Qurban2020.kz сайтында қабылданады. Ал көмекке мұқтаж адамдар сол порталда құрбандық етін алуға өтініш қалдыра алады.

31 шілде мен 2 тамыз аралығында онлайн режимінде құрбандық шалу үшін Қарағанды облысының орталық мешіті белгілегеннен басқа мал сататын сою цехтары мен базарлардың жұмысы тоқтатылады.

Биылғы жылы елді мекендер мен жеке үй иеліктерінде жүк көліктерінен де мал сатуға тыйым салынады.

Жануарларды союға арнайы жабдықталған немесе ол үшін бөлінген орындарда ғана рұқсат етіледі. Олар залалсыздандыру кілемшелерімен және санитайзерлермен жабдықталуы тиіс. Мал сою цехтарының қызметкерлері температураны өлшеуі керек. Ыстығы жоғары немесе жөтелі бар адамдарға жұмыс істеуге тыйым салынады.

Малды құрбандыққа шалмас бұрын, оны міндетті түрде ветеринар тексеруі керек.

Еске сала кетейік, жаппай отбасылық іс-шараларға, соның ішінде мерекелік және еске алу шараларға әлі де тыйым салынуда.