
Соңғы аптада мұнда COVID-19 жағдайлары азайып, жұқпалы аурулар стационарларының жүктемелігі төмендеді. Бірақ ауруханалар мен провизорлық госпитальдарды қажетті техникамен жабдықтау жалғасуда.
Қазіргі уақытта инфекциялық төсек-орын жүктемесі 42,3%-ға дейін, провизорлық төсек-орын – 42,6% - ға дейін азайды. Жан сақтау бөлімі 65%-ға жүктелген.
Сондай-ақ, жедел медициналық жәрдем қызметіне жүктеме біртіндеп төмендеуде. Соңғы аптада коронавирустық инфекция мен пневмония бойынша шақырулар саны 1 308-ден 993-ке дейін қысқарды.
Пандемия кезінде Жезқазған мен Сәтбаев ауруханаларына 6 ӨЖЖ-аппарат, 174 оттегі концентраты, 28 пульсоксиметр сатып алынды. Бұл жабдықтарды Денсаулық сақтау басқармасының қаражатына және «Қазақмыс» корпорациясының демеушілік көмегінің арқасында сатып алуға мүмкіндік туды.
Жақын арада аталмыш қалалардың госпитальдарына 3 ӨЖЖ және 70 пульсоксиметр келіп түседі.
Жезқазған, Сәтбаев қалаларында компьютерлік томография кабинеті жұмыс істейді. Биыл қазан айында тағы екеуін ашу жоспарлануда. Осы уақытқа дейін екі заманауи сандық рентген аппаратын сатып алу көзделіп отыр. Бұл тексерудің қолжетімділігін арттырады, ауруды дер кезінде анықтауға және аурудың ауыр түріне өтуіне жол бермей ем жүргізуге мүмкіндік береді.
«Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС базасында тәулігіне 500 зерттеуге арналған ПТР-зертхана жұмыс істейді.
Қаланың барлық медициналық мекемелері қажетті техникамен жабдықталған, дәрі-дәрмектердің айлық қоры бар.
2020 жылдың 22-23 шілде аралығында Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Жезқазған аймағында болды. Ол көп бейінді аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің қызметімен танысып, облыс орталығының екі дәрігер бригадасымен бірге аурухананың медициналық қызметкерлеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетеді.
Медициналық орталық базасында Ержан Нұрлыбаев өңірдің медицина ұйымдарының басшыларымен коронавирустық инфекцияның алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кеңес өткізді.
Сондай-ақ, 23 шілдеде Жезқазған аймағының тұрғындары үшін тікелей эфир режимінде онлайн-брифинг өтті, онда облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап берді.