
Қарағандыда қазақ тілінде оқытатын жаңа мектеп құрылысы аяқталу сатысында. Ол Оңтүстік-Шығыстың 30-шы шағын ауданында орналасқан және 1 200 оқушыға арналған. Бұдан басқа, қаланың барлық мектептерінде және балабақшаларда аула аумақтары жөнделіп, абаттандырылуда.
Мұндай ауқымды жұмыстар оқу орындарында алғаш рет өткізілуде. Бұған "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы көмектесті. ЖҚЖК аясында облыс орталығында мектептер мен балабақшалардың жөндеу жұмыстарына ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлердің қасбеттерін және шатырларын жаңартуға да қаражат бөлінді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қала бойынша жұмыс сапары барысында құрылыс және жөндеу жұмыстарының қарқынын тексерді.
Өңір басшысы №16 және 5 мектептерде, "Гүлдер" балабақшасында болып қайтты. Бұл нысандар ондаған жылдар бойы жөндеуді қажет еткен. Оқу орындарының ғимараттарында кәріз жүйесі, шатыр ауыстырылып, мектеп жанындағы аумақтар асфальтталды. Балабақшада да жаңа асфальт пайда болды, учаскеде жарықтандыру жүргізілді, шағын сәулеттік пішіндер орнатылды.
- Балабақшаға биыл 45 жыл толды. Мұндай жол бізде ешқашан болған емес. Әрине, біз мұнда жаңа асфальт төсеуді көптен күттік, - деді "Гүлдер" балабақшасының меңгерушісі Лариса Расадинова.
Қарағандыда ЖҚЖК бойынша 144 нысанда жұмыстар жүргізілуде. Жөндеудің басты шарты - жұмыс орындарын құру. Осылайша, биылғы жылы қалада 7 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, олардың жартысы Жұмыспен қамту орталығы арқылы орналастырылды.
Облыс әкімі сондай-ақ болашақ балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылыс алаңында болды. Пандемия құрылыс саласына да өз түзетулерін енгізді, сондықтан жұмыстар кестеден сәл артта қалуда. Ал жаңа теннис корты барлық тілек білдірушілерді қабылдауға дайын. Спорттық нысан карантин аяқталған бетте бірден іске қосылады.
Жеңіс Қасымбек карантин жағдайында жолаушылардың басты тасымалдаушысы - үшінші автопарктің қалай жұмыс істейтінін жеке өзі қарап шықты. Бұл жерде 500 автобус бар, оның 200-і қала аралық қызмет көрсетеді. Өңір басшысын автобус паркінің жаңаруына қатысты мәселесі қызықтырды. Мекеме директоры Артур Григорянның айтуынша, күзде Yutong маркалы 70 автобусты сатып алу жоспарланған.
Облыс әкімі санитарлық талаптарды сақтау мәселесін де қозғады. Өңір басшысына әрбір ауысымнан кейін әрбір автобус автоматты режимде мұқият өңделеді, жүргізушілер мен кондукторлар маскалармен және санитайзерлермен қамтамасыз етілген.
- Барлық жолаушылар маскалар кимеген кезде, бұл мәселені реттеу мүмкін емес, - деді автопарк директоры.
Қарағанды облысының автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, қазір автопаркте қарбалас сәтте жолға көп автобустар шығару мәселесі қарастырылуда.