
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін Ауғанстан Ислам Республикасының 13 азаматы бітірді. Бұл аталмыш ел студенттерінің алғашқы түлектері. Олар «Информатика», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Құрылыс» білім беру бағдарламалары бойынша үкіметаралық келісім бойынша білім алды.
Түлектер IT-технологиялар, заманауи азаматтық кешендер мен ғимараттар құрылысы бойынша тақырыптарға арналған дипломдық жобаларды сәтті қорғады. Бірнеше адам ҚарМТУ магистратурасында, сондай-ақ Канада мен Түркияның жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Шетелдік студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Олар 2014 жылы президенттік «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша салынған «Армандастар Ордасы» тұрғын үй кешенінде тұрды. Мұнда оқу үшін мультимедиялық компьютерлік сыныптар, конференц-зал жабдықталған. Физиокабинет пен асхана және денсаулық пункті бар.
Университеттің халықаралық ынтымақтастық орталығы мен деканаттар шетелдік студенттерге қажетті көмек көрсетті. Көші-қон және жергілікті полиция қызметтерінің өкілдерімен, дінтанушылармен, ИРА елшілігінің қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Шетелдік студенттер ЖОО-ның қоғамдық және шығармашылық өміріне белсене қатысты.
ҚарМТУ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша