Ұлытау ауылындағы үйлерге орталық кәріз тартылады

Ұлытау ауылындағы үйлерге орталық кәріз тартылады

Ұлытау ауылында кәріз-тазарту құрылыстары салынуда. Қарағанды облысының елді мекендері арасында орталықтандырылған су бұру жүйесі алғашқы болып Ұлытау ауданында пайда болады. Мердігер компания коммуналдық жобаны 2020 жылдың соңына дейін толық аяқтауға уәде береді. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Ұлытау ауданында болып, нысандарды аралап қайтты.

Өңір басшысына жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстар аяқталатыны туралы баяндалды. Бұл жобаны жүзеге асыру экологиялық жағдайға айтарлықтай әсер етеді және Ұлытаудағы туризмнің дамуына серпін береді.

- Бүгінгі күні ауылда 2 мың адам тұрады, жартысы орталық кәрізге қол жеткізе алады, - деді Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбеков.

Ұлытауда бүгінгі таңда тек коммуналдық мәселелерге ғана емес, сонымен қатар тұрғын үй және демалысқа да үлкен көңіл бөлінуде. Ауылда жалдамалы баспана бағдарламасы бойынша таратылады деп жоспарланған 24 пәтерлі үш қабатты үйдің аяқталуға жақын. Сонымен қатар өлкетану мұражайы мен визит-орталықтың құрылысы аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ, Ұлытау ауданында 56 шақырым автожолды жөндеу жоспарланған.

Облыс басшысы 50 шақырым болатын Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сәтпаев облыстық автомобиль жолының және ұзындығы 38 шақырымнан құралған Жезқазған - Петропавл республикалық трассасының төрт учаскесіндегі жөндеу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрді.

- Егер қандай да бір проблемалар болса, айтыңыздар. Мұнда түрлі құрылыс жұмыстарының көлемі аз емес, сондықтан салынып жатқан нысандарды тексеруге арнайы келдім. Барлығы жоспар бойынша және сапалы аяқталуын қадағалаңыздар, - деп тапсырды Жеңіс Қасымбек жергілікті билікке.

Облыс әкімі Жезді кентіндегі кентішілік жолдарды жөндеу, мектеп-интернаттағы күрделі жөндеу мен жатақханаға жасалып жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ ДСК құрылысын қадағалап қайтты.