Ақтоғай ауданының жеті жас кәсіпкері өз ісін ашуға грант алды

Ақтоғай ауданының жеті жас кәсіпкері өз ісін ашуға грант алды

Ақтоғай ауданының жас кәсіпкерлері өз ісін ашуға және дамытуға әкім Салтанат Абеуованың грантын алды. Биылғы жылы ауданда жастар арасында әлеуметтік маңызды жобаларды қолдауға және жүзеге асыруға 5 миллион теңге бөлінді.

Жергілікті әкімдікте Ақтоғай ауданы әкімінің жастардың әлеуметтік маңызды жобаларын жүзеге асыруға және қолдауға арналған гранттарын тағайындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия сотына жаңадан бастаған жеті кәсіпкер өздерінің бизнес-идеяларын ұсынды. Олардың барлығы да қолдау тапты.

Аудан әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов грант иегерлерін құттықтады:

- Бүгінде өз ісін ашқысы келетін жастар көп. Алайда, әркім өз бизнесін бастауға мүмкіндігі жоқ. Бұл мәселені шешу, жастарды қолдау және кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданымызда жыл сайын гранттар бөлінеді. Жас кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып, өңірдің әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосады деп үміттенеміз.

Қаржы жиһаз, тігін шеберханалары, шаштараз, бройлер өсіретін құс қораларына, сондай-ақ мейрамхана бизнесін дамытуға бөлінді. Гранттың арқасында Ақтоғай ауданының Тасарал ауылдық округінде Монтессори әдісі бойынша балаларды дамыту орталығы ашылады.