
Жұмыспен қамту 2020 жол картасы шеңберінде 6 107 жобаны іске асыру басталды, олар бойынша 130,6 мың жұмыс орны құрылды.
ЖҚЖК аясында жергілікті атқарушы органдар іске асыру мақсатында 6 506 жобаны іріктеп алды.
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді:
- әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту және салу (2 703 жоба);
- тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, қайта жаңарту (1 039 жоба);
-күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, инженерлік-көлік инфрақұрылымын қайта жаңарту және салу (1 799 жоба);
- елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).
ЖҚЖК инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету ерекше шарт болып табылады. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмылдырылады, жұмыссыз жастарға басымдық беріледі. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етулері тиіс.
Өңірлерде 6 107 жоба бойынша жұмыс басталды, 130,6 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 71,3 мың адам жұмысқа орналастырылды.
ЖҚЖК аясында барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл ретте ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз болады.
Бұған дейін хабарланғандай, ЖҚЖК іске асырудан оң нәтиже болады деп күтілуде.
Мысалы, 80 жаңа білім беру нысанының құрылысы апатты және үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешуге, ауылдық жерлердегі білім беру мекемелерінің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ 7 мыңға жуық мұғалімді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттырады, сондай-ақ шамамен 1 мың медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 36 мәдениет және спорт нысандарының құрылысы бұқаралық спортты дамытуға оң әсерін тигізеді, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге және 1,6 мың адамның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде су шаруашылығының 12 жаңа нысандарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту халық үшін ауыз судың қолжетімділігін арттырады, суармалы жерлердің көлемін кеңейтуге, пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тартуға, сабақтас салаларда 77 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 247 жаңа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының құрылысы және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту тұрғын үй құрылысы үшін жағдай жасайды, ауыл тұрғындары үшін коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, коммуналдық желілердің тозуын төмендетеді. Елді мекендерді абаттандыру олардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіз және жайлы демалуына жағдай жасайды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша