Балқашта заңсыз қоқыспен күрес жұмыстары басталды

Балқашта заңсыз қоқыспен күрес жұмыстары басталды

Балқашта заңсыз қоқыс тастаумен күрес жүріп жатыр. Жағажайлар мен елді мекендер қоқыстан тазартылады. Сондай-ақ тұрмыстық қалдықтарды тұрақты шығару жолы ретке келтіріледі.

Ауқымды тазарту жұмыстары Техснаб кентінен басталды. Бірнеше жыл ішінде мұнда үлкен қоқыс үйіндісі пайда болған. Тұрғындарда қоқыс шығаруға келісім-шарт жоқ, сондықтан бірнеше көшенің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын әр жерге тастай берген.

Көп жылдық қоқыс үйінділерді техниканың көмегімен тазартты. Бірнеше рейспен жұмысшылар 400 текше метр қалдықтарды шығарды.

- Біз рұқсат етілмеген қоқыстарды жоюмен айналысамыз. Қазір барлық жерді тазалаймыз. Жеке сектор тұрғындарымен қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға келісім-шарттар жасасу үшін әңгімелесетін боламыз. Бұған қоса, қоқыс төгетін орындарға камералар орнатамыз, содан кейін қоқысты ретсіз төгетіндерге айыппұл салынады, - дейді Балқаш ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Асылмұрат Түсіпов.

Билік пен коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардың өздерінен де тазалықты сақтауда қолдау көрсетулерін сұрайды.

- Қоқыс шығару туралы өтінішпен бізге ешкім келген жоқ. Шарттар жоқ. Ол үшін Техснаб кентінің тұрғындары бізге келіп, келісім-шарт рәсімдеулері керек. Бізде техника жеткілікті, - деп сендірді "Балқаш Универсал" ЖШС учаскесінің бастығы Манат Ділдашев.

Әрбір мекен-жай үшін ай сайынғы тариф орнатылады. Экономистер нақты есептеулер жасайды.

- Бұл қоқыстарды шығару керек. Біз төлеуге дайынбыз. Мен келісемін. Кентіміздің көптеген тұрғындары да келіседі: қалдықтарды қайда тастайтынын өздері де білмейді, - деді Техснаб кенті тұрғындарының бірі.

Коммуналдық қызметкерлердің есептеуінше, барлығы 14 мың текше метрге жуық қалдықтарды шығаруға тура келеді. Олардың жартысы қала шегінде. Сондай-ақ, қоқыс шығару тізімінде ЖБИ ауданы, Шұбар-Түбек және Жұмысшы кенттері, саяжайлар мен жағажайлар бар.

Қоқыстарды шығарудан басқа, "Балқаш Универсал" ұйымы Балқаш қаласының контейнерлік алаңдарын ретке келтірумен айналысады. 190-ға жуық қоқыс жәшіктері алаңдармен бірге сенімді басқаруға беріледі.