
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, әскери қызметшілер, билік өкілдері, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. 

Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ардагерлерді үйге барып, Жеңіс күнімен құттықтады.

Ермағанбет Бөлекпаев 99 жастағы Мария Шинкевичке барды. Ол 19 жасында әскери қызметке шақырылған екен. Кезінде мергендер әйелдер мектебінде оқыған. Үшінші Беларусь және бірінші Украин майдандарында соғысқан. Чехословакияны азат етуге қатысқан. Жеңісті Прагада қарсы алған. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Ерлігі үшін" екі медальмен, "Германияны жеңгені үшін", "Кеңес Одағының Маршалы Г. К. Жуков", "Украинаны азат еткені үшін" мадальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін әртүрлі кәсіпорындар мен ұйымдарда кадрлар жөніндегі инспектор, экономист болып жұмыс істеді, 1983 жылы облыстық Сауда басқармасынан еңбек сіңірген демалысына кеткен.

Облыс әкімі ардагер Сұңғат Саттығұловқа барды. Ол 101 жаста. Майданға Алматы әскери жаяу әскер училищесінде оқығаннан кейін 18 жасында шақырылған. Сталинград маңындағы шайқастарға қатысқан. Жарақат алып, ауруханада емделгеннен кейін майданға оралған. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жауынгерлік еңбегі үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Сталинградты қорғағаны үшін" медальдарымен марапатталған. 1947 жылы демобилизациядан кейін Алматы облысының Шамалған құрылыс техникумын бітіріп, көп жылдар бойы құрылыста еңбек етті.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының 11 қатысушысы мен мүгедектері тұрады.
Жеңіс күніне орай олар 2 млн теңгеден материалдық көмек алды.
Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне, концлагерь тұтқындарына, Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген басқа да санаттарға белгілі бір мөлшерде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
