
Ерекше бақалар мен шаяндар,балаңқұрт, жармасқы, сцинк және хамелеон – Қарағанды зоологиялық саябағында экзотариум пайда болды.

Қосмекенділер және бауырымен жорғалаушылар үшін олардың табиғи ортасына мүмкіндігінше жақын арнайы торлар жасалды.

Террариумдар үлкен бөлмеде орналасқан. Жануарлардың әр түріне өз жеке үйшіктер құрылды.

Сонымен қатар, барлық торлар табиғи және жасанды өсімдіктермен безендірілген. Қосмекенділер үшін арнайы су қоймалары бар,ал бауырымен жорғалаушыларда өрмелеуге арналған ағаш бұталар пен тастар бар.

– Экзотариум біздің жаңа ғимаратта құрылды. Біз қызметтік бөлмелер жеткілікті деп шештік, сондықтан залдарымызды сирек кездесетін жануарлармен толтырамыз, – дейді хайуанаттар бағының директоры Гүлнар Адамбекова. – Бұл жаңа тәсіл, заманауи. Экзотариумда кірпікшелі банан жегіш, геккондар, түрлі құрбақалар, яғни Қазақстанда кездеспейтін жануарлар мекендейді. Шілде айына дейін мұндай залдардың кем дегенде тағы 3–4-ін жасау жоспарланып отыр.

Террариумдардың ыңғайлы орналасуы келушілерге экзотикалық жануармен танысып қана қоймай, олардың әдеттері мен мінез-құлқын бақылауға мүмкіндік береді.

