
Биыл Балқашта кәріз желілерін жөндеуді қолға алу туралы шешім қабылданды. Құбырлар тым тозған.

Жөндеу жұмыстары туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа қаланы аралау барысында баяндалды.

– Биыл кәріз жүйесін қайта қалыпқа келтіруге конкурс өткізіледі. Бұл өте өткір мәселе. Негізгі коллектордың тозуы 80%-дан асады, апаттар жиі болып тұрады, – дейді қала әкімі Сапар Сатаев. – Байқау өткен соң біз шамамен 6 км кәріз құбырларын ауыстырамыз.
Өңір басшысы ФНС-6 тірек кәріз коллекторының жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Онда 1260 метр толығымен ауыстырылды. Жұмыс әлі де жалғасады.

Қалада екінші және үшінші кезектегі су желілерін қайта жаңарту жалғасуда. Су құбырларының жалпы ұзындығы – 124,4 км. Осы күнге дейін 24,4 км жөнделіп болды. Биылғы жоспар бойынша 14 км жөнделуі тиіс. Бұл жұмыстарға қаражат бөлінді. Бригадалар бірден төрт учаскеде жұмыс істеп жатыр. Қала әкімі Сапар Сатаев тұрғындардан шыдамдылық танытуды сұрады: құбырлар салынып біткенше, осы учаскелердегі жолдарды жөндеу жүргізілмейді.

Жолдар тек құбырлар толығымен ауыстырылған жерде ғана төселеді. Биыл бұл Ағыбай батыр мен Сванқұлов көшелері.

Балқаштағы жылыту маусымы ресми түрде аяқталып, келесі жылға дайындық басталып кетті.

25 км жылу желілері ауыстырылады. Оның ішінде 6,4 км магистральдық, ЖЭО-дан шығатын құбырдың 5 шақырымын және 13,8 км орамішілік құбыр жөнделмек.

Облыс әкімі абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан қала жағалауында да болды. Жағалау аумағында жаңа аллеялар, балалар ойыны және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар және т. б. болады.

Онда бірінші және екінші кезектегі бөлшектеу жұмыстары аяқталды. Жағалау аймағы қоқыс пен қамыстан тазартылған. Су құбырлары мен кәріз құбырларын және электрмен жабдықтау желілерін төсеу аяқталады. Жалпы, жұмыстар 16 гектар аумақта өтеді, жобаны тапсыру мерзімі – 2025 жыл.

– Абаттандырылған жағалау – бұл инвесторларды, туристер мен демалушыларды тартудың маңызды компоненттерінің бірі. Белсенді жұмыс жасаңыздар, белгіленген мерзімнен асырмау керек! – деді облыс әкімі.

Ермағанбет Бөлекпаев жайлы мектеп пен бес үй салынып жатқан құрылыс алаңдарында болды.

Мердігерлердің алдында бірінші қыркүйекке дейін мектепті аяқтау міндеті тұр. Үш қабат көтерілді. Алдағы он күнде құрылысшылар шатырды төсейді.

Тұрғын үй несиеге және жалға берілетін болады. Үйлердің бірі осы жылдың соңында жалға беріледі.

Ермағанбет Бөлекпаев қала басшысы мен мердігерлерге болашақта тұрғындардан шағымдар болмас үшін сапаға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.