
Биылдан бастап МӘМС есебінен Қарағандының № 2 көпсалалы ауруханасының (кардио орталық) мамандары облыста алғаш рет жүрек ырғағының бұзылуы кезінде күрделі жоғары технологиялық ота жасай бастады. Бұрын мұндай диагнозы бар науқастар республикалық клиникаларға жіберіліп отырған еді.
Емдеудің ең инновациялық әдістерінің бірі – радиожиілікті абляция (РЖА) әдісі. Қарағанды ауруханасында заманауи жабдықтарды пайдалану осындай рәсімдердің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. CARTO 3 V7 Prime бірегей қондырғысы жүректің егжей-тегжейлі үш өлшемді карталарын жасауға және жүрек қағысы жиілігінің бұзылуының көптеген түрлерін емдеуге қабілетті.
№ 2 көпсалалы аурухананың аритмолог-хирург дәрігері Нұрлан Елемесов жабдық әлемдік стандарттарға сәйкес келетінін және жүрек ырғағының бұзылуы кезінде кез келген күрделі отаны орындауға мүмкіндік беретінін айтады.
– 1 мм дәлдікпен 3D технологиялары аритмияның көзін – басқа тамырлар мен тіндерге зақым келтірместен патологиялық бөлікті табуға мүмкіндік береді. Науқас толығымен қалпына келеді. Нәтиже операция барысында-ақ көрінеді. Бір операцияның құны шамамен 2 млн теңге. Науқастарға арналған оталар медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жүргізіледі, – деп атап өтті Нұрлан Елемесов.
Медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша