
Қазақстанда жыл соңына дейін бизнес субъектілеріне жоспарлы салыққа тексерулер жүргізілмейді. Бұл туралы бизнесті қолдау мәселелері бойынша өтіп жатқан Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті.
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың 1-ші қаңтарынан бастап үш жылға шағын және микрокәсіпкерлікке тексеру және профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий енгізілгенін білесіздер. Сонымен қатар жылдың соңына дейін бизнестің барлық санаттағы субъектілері үшін жаңа жоспарлы салықтық тексерулер жүргізілмейді, - деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін кәсіпкерлердің «адалдық» презумпциясы қолданыста.
- Бұл заңнамадағы әр түрлі оқуларды адал кәсіпкерлердің пайдасына түсіндіруге мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Руслан Дәленов.
Министр сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнайы салық режимдерін қолданатын шағын және орта бизнес субъектілері кірістеріне салынатын салықтан үш жылға босатылғанын атап өтті. Экономиканың әр түрлі салаларында 2020 жылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар, әлеуметтік төлемдер және мүліктік салық бойынша мөлшерлемелер нөлденеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жыл соңына дейін жер салығының мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетілді.
Сондай-ақ, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы импорт үшін есепке алу әдісімен ҚҚС төлеу мүмкіндігі берілді. 2020 жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін ҚҚС ставкасы 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді. 1 маусымға дейін салықтық әкімшілендіру және бақылау шаралары тоқтатылды. Барлық шағын және орта бизнес субъектілері үшін барлық салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту енгізілді.