
Гуманитарлық көмек тиелген екі жүк көлігі бүгін Қарағандыдан Қостанай облысына аттанды. Көмек ретінде жіберілген жүктің арасында күнделікті қажетті тауарлар, генераторлар және шатырлар жинақталды.

Гуманитарлық көмектің кезекті партиясын "Жүректен-жүрекке" республикалық акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен азаматтар үшін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік штабы жинады.

– Бүгін біз гуманитарлық көмекті үшінші рет жіберіп отырмыз. Бұл жолы Қостанай облысына жолданды. Бұл азық-түлік, жылы киім, генераторлар, шатырлар, ұйықтайтын қаптар секілді керек-жарақ жиналған екі жүк көлігі. Барлығы 40 тонна жиналды, – деді "Полония" Қарағанды облыстық поляк қоғамының төрағасы Альберт Хмелевский. – Барша халық жұмылып жатыр: қарапайым тұрғындар да, кәсіпкерлер де. Әркімнің көмегі өте маңызды. Бұл адамдардың біреудің қайғысына бей-жай қарамайтындығын және біздің отандастарымыздың қасіретін жүрегімен қабылдайтындығын көрсетеді. Көмек жинау әлі де жалғасады. Болашақта біз оны басқа аймақтарға жібереміз.

Гуманитарлық жүкті жөнелтуге ҚХА жанындағы еріктілер белсенді көмек көрсетуде. Олар заттарды қабылдайды және сұрыптайды, сонымен қатар тиеу және жөнелтумен айналысады.

Бұл жұмысқа барлығы 40-қа жуық адам қатысады. Бұл негізінен колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері.

– Біз жастарымызды мақтан тұтамыз. Еріктілер жүкті реттеуге белсенді қатысып жатыр, бұл ауыр физикалық еңбек. Олар ауыр қораптарды, қаптарды тасиды, жүктейді және барлығын өз қалауы бойынша мәжбүрлеусіз істеп жатыр, – дейді корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким.

– Қарағанды облысының тұрғындарына осындай қиын жағдайда отандастарымыздың қайғысына бей-жай қарамағаны үшін алғыс айтқым келеді. Бір аптадан астам уақыт бойы адамдар ҚХА жанындағы штабқа гуманитарлық көмек алып келіп жатыр. Бұл адами қасиетіміздің көрсеткіші болып табылады және біздің күшіміз бірлікте екенін тағы да дәлелдейді, – деп атап өтті Қарағанды облысы әкімінің орынбасарылан Ерлан Құсайын.

Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жөніндегі өңірлік штаб мына мекенжайда орналасқан: Қарағанды қаласы, Шахтерлер даңғылы, 64. Көмек күн сайын (жексенбіден басқа) 20 сәуірге дейін сағат 09:00-ден 17:00-ге дейін қабылданады.
