
Қарағанды облысының экобелсенділері "Таза Қазақстан" республикалық акциясына қатысты. 8 сәуірден бастап аймақта аумақтарды қоқыстардан жаппай тазарту басталды.

Алғашқылардың бірі болып экологиялық акцияны Бұқар Жырау ауданы Көкпекті ауылдық округінің белсенділері қолдады.

Олар Қарағанды – Қарқаралы тас жолының бойында сенбілік ұйымдастырды.

"Біз Көкпекті ауылдық округінің қоғам қайраткерлеріміз. Үшінші күн қатарынан Қарағанды - Қарқаралы тас жолының бойынан қоқыс жинап жатырмыз. Ауданымыздың басқа тұрғындарын да тазалық іс-шарасына қосылуға шақырамыз!" – деп экобелсенділер жерлестеріне жүгінді.

Акцияны балқаштықтар да қолдады. Байсейітова көшесіндегі №3 үйдің тұрғындары өз аулаларында сенбілік ұйымдастырды. Көршілер аула аумағын тазалап, ағаштар мен қоршауларды әктеп, жолдарды сыпырып, қоқыстарды жинады.

"Азаматтардан қоқыс тастамауды және тазалық пен тәртіпті сақтауды сұраймыз. Сондай-ақ, баршаңызды үй маңындағы аумақтарды тазалауға үлес қосуға және қаланы бірлескен күш-жігермен жайлы, қауіпсіз және таза етуге шақырамыз", – деп қаланың тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындар жерлестерін сенбілікке шығуға шақырды.

"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы бес аптаға созылады.