Қарағанды облысында есірткі қылмысымен қалай күресіп жатыр

Қарағанды облысында есірткі қылмысымен қалай күресіп жатыр

Қарағанды облысында өткен жылы 207 есірткі қылмысы және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 126 адам анықталды. Өңірде нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда, жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Өткен жылы және осы жылдың үш айында облыста есірткі бизнесі саласындағы төрт қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды, Қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырудың екі фактісі анықталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің платформасында өткен брифингте атқарылып жатқан жұмыстар туралы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ғалымжан Бекболатов айтып берді.

– Есірткі зертханаларын құрудың төрт фактісі анықталды, олардың екеуі фито зертхана. Осы жылдың үш айында заңсыз айналымнан 243 килограмнан астам есірткі, оның ішінде 10,5 килограмм синтетика, марихуана – 130 килограмм, гашиш – 102 килограмм мөлшерде тәркіленді, – деді Ғалымжан Бекболатов. - Жүйелі негізде "Көкнәр", "Дәрмек", "Заслон" республикалық жедел-іздестіру іс-шаралары өткізіледі. Есірткі сайттары да бұғатталған.

Жыл басынан бері есірткі құралдарын сату, насихаттау және жарнамалау бойынша 78 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.

Қарағанды облысы әкімдігінің жанынан нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресте мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб жұмыс істейді. Есірткіге қарсы бағыттағы 1200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Ақпан айында № 3 автопарктің көмегімен есірткінің зияны туралы арнайы ақпарат жапсырылған № 43 маршрут бойынша автобустар іске қосылды.

Еріктілер есірткіні жарнамалау немесе насихаттау мүмкіндігі бар граффити суреттері мен жазуларына қарсы белсенді күрес жүргізуде. Барлығы 320 есірткі граффитиі жойылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.