
Оқу жылының аяқталуына байланысты мектептерде балалардың жазғы демалысы өзекті болып отыр. Биыл Қарағанды облысында 160 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыспен және жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

– Өңірде тамақтандыруды ұйымдастырумен 423 мектеп жанындағы лагерь және тамақтандырусыз 452 бейінді мектеп жанындағы алаң жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ, мектеп жанындағы лагерьлер тамақтанатын арнайы мектеп-интернаттарда ұйымдастырылады. Жазғы демалыспен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 мыңнан астам бала қамтылады. Өткен жылдан бастап "Қазақстан халқына" ҚҚ қаржыландыру есебінен "Жазғы демалыс" жобасы іске асырылуда. Биыл Астанадағы Назарбаев Университеті жанындағы "Айналайын" лагерінде және Қарағандыдағы "Сәлют" балалар сауықтыру лагерінде оқуда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген және мектеп өміріне белсенді қатысатын 10 жастан 14 жасқа дейінгі ауылдық жерлерден 838 бала демалады. Бұл түрлі олимпиадалар мен конкурстардың қатысушылары, – деп атап өтті Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Сондай-ақ, балаларды қосымша біліммен қамтуды және оның қолжетімділігін арттыру үшін биыл Пришахтинскіде оқушылар сарайы және Осакаровкада қосымша білім беру орталығы ашылуы тиіс.
– Пришахтинскіде 600 орындық "Шабыт" Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуда. Ашылуы Балаларды қорғау күніне – 1 маусымға жоспарланған. Сондай-ақ жыл соңына дейін Осакаровкада қосымша білім беру орталығы жұмысын бастауы тиіс, – деді Гүлбақыт Жүнісова.