Қарағанды балалар кітапханасында "Алпамыс батыр" байқауының қорытындысы шығарылды

Қарағанды балалар кітапханасында "Алпамыс батыр" байқауының қорытындысы шығарылды

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында "Алпамыс батыр" батырлар эпосынан үзінді мәнерлеп оқу қалалық байқауының жеңімпаздары анықталды.

Шығармашылық жарыс екі турдан тұрды. Біріншісіне 26 оқушы қатысты. Екіншісіне 17 қатысушы өтті.

Балалардың өнерін қазылар алқасы бағалады.

Бірінші орынды Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7 "А" сынып оқушысы Санжар Ыдырысов иеленді.

– Менің тәрбиешім Алма Қабышқызы Байғұнұсова мен интернат меңгерушісі Алтыншаш Сағынтайқызы Нәсібалаева маған конкурсқа қатысуды ұсынып, мені сол байқауға дайындады. Өлеңнің екі жүз жолын мен бір айда жаттап алдым. Бұл ретте еш қиындық болған жоқ, бірақ мен түсінбейтін сөздерді жиі кездестірдім. Өлеңнің тарихи мазмұны мен Алпамыс батырдың ерлігі мені таң қалдырды. Мұндай байқауға алғаш рет қатысуым. Бірақ сүйікті ақыным Ұлы Абайдың өлеңдерін бала кезімнен оқимын, – деп бөлісті Санжар.

Екінші орынды №12 жалпы орта білім беретін мектептің 9 "Ә" сыныбының оқушысы Наргиза Рахман иеленді.

– Байқауға бір ай дайындалдым. Алдымен мен шығарманың мазмұнымен толық таныстым, содан кейін шамамен 2-3 апта ішінде 200 жолды жаттап алдым. Маған батырлардың өмірімен танысу қызықты болып көрінді. Бірінші турда бізге тест тапсырмалары берілді. 32 сұрақ болды, мен бәріне дұрыс жауап бердім. Екіншісінде жатталған үзіндіні мәнерлеп оқу керек болды. Мен мұндай байқауға алғаш рет қатыстым, сондықтан толқу болды. № 12 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елеусізова Аққу Қанатқызы дайындады, – деді Наргиза.

Үшінші орынды Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 7 "А" сыныбының оқушысы Нығмет Сиязбек және № 12 жалпы орта білім беретін мектептің 9 "Ә" сыныбының оқушысы Айсұлу Жагслагқызы иеленді.

Келесі номинациялар бойынша марапатталғандар:

"Орындаушының шынайылығы" – Дана Хатамова, "Таңшолпан" балаларды қолдау орталығының 7 "А" сынып оқушысы;

"Жыр жүйрігі" – Ақжолтай Қайрат, № 66 мектеп-лицейдің 2 "А" сынып оқушысы;

"Жыршылық өнер" – Аружан Мұратхан, Ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 8 "А" сынып оқушысы;

"Алпамыс батыр" жыр білгірі" – Нұрслан Жаманбалин, "Таңшолпан" балаларды қолдау орталығының 8 "А” сынып оқушысы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.