
Жезқазған қаласында Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 40 жоба жүзеге асырылуда, бұл мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ол туралы қала әкімі Қайрат Бегімов онлайн-режимле ZOOM платформасында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
- Жезқазған бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасына 4 млрд теңге сомасына 36 қалалық және 4 облыстық жобалар енді. 1 098 жұмыс орны ашылады, оның 550-не жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздарды тарту көзделіп отыр, - деді Қайрат Бегімов. - Жұмыспен қамту мәселелері бойынша Бейбітшілік көшесі, 26/1 мекенжайы бойынша Жезқазған қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына немесе 77-50-93 және 77-50-84 телефондары бойынша хабарласуға болады.
Инфрақұрылымдық жобаларға жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар жіберіледі. Бүгінгі күні Жұмыспен қамту орталығы арқылы 203 адам жұмыспен қамтылды. 300-ден астам бос жұмыс орны өз ізденушілерін күтуде.
Қалада 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін және шатырларын, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық, білім беру нысандарын, 1,5 шақырымға жуық кәріз және су құбыры желілерін, 34 шақырымға жуық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Бұдан басқа, екі саябақ абаттандырылады, 800-ден астам жарықтандыру тіректері орнатылады.
Жезқазғанда сондай-ақ, қолжетімді тұрғын үй көптеп салынуда. Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғындардың әлеуметтік қорғалатын топтары ретінде кезекте тұрғандарды шаршы метрмен қамтамасыз етеді.
- "Нұрлы жер" бойынша біздің қалаға миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Егер 2018 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша қаражат бір үй салуға бөлінген болса, биыл бірден төрт үй - екі жалға берілетін және екі несиелік тұрғын үй салынады, - деп атап өтті Жезқазған басшысы.
Брифинг барысында Қайрат Бегімов қаладағы эпиджағдайға тоқталып, жезқазғандықтарды санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
- Бізде барлығы 165 адам коронавирус жұқтырған. 29 адам сауығып, 136 әлі емделуле. COVID-19 жұқтырған адамдардың саны біздің қалада азаймайды. Барлықтарыңызды карантин талаптарын қатаң сақтауды сұраймын. Осының барлығы біздің ортақ игілігіміз үшін жасалған, - деді әкім жезқазғандықтарға.