Қарағандылық оқушылардың республикалық пәндік олимпиададағы алғашқы жетістіктері

Қарағандылық оқушылардың республикалық пәндік олимпиададағы алғашқы жетістіктері

Қазақстанда еліміздің бірден жеті өңірінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада өтуде. Астанада жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша зияткерлік жарыстар аяқталды. Қарағанды облысының намысын 12 оқушы қорғады. Олар жақсы нәтиже көрсетті.

Н. Нұрмақов атындағы ММЛИ 9-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова физика пәнінен бірінші орын алды.

– Менің жетекшім және пән мұғалімі Жалғас Жұрынтаев. Өткен жылы физика пәнінен республикалық олимпиадада алтын медаль жеңіп алдым. Биылғы жылы да нәтижем сондай. Бірінші турдың есептері өте қызықты болды. Екінші кезең, эксперименталды, ұзақ уақыттан бері алғаш рет нақты форматта өтті. Маған бұл тәжірибе қатты ұнады. Болашақта халықаралық олимпиадаларда да өз күшімді сынап көргім келеді, – деп бөлісті Нұргүл Егенбергенова.

№ 1 "Білім-Инновация" лицей-интернатының оныншы сынып оқушысы Әліби Ақберді физикадан екінші орын алды.

– Мен 7-сыныптан бастап физикамен айналысамын. Сабақтан кейін күн сайын республикалық жарыстарға 4 сағаттан дайындалып, өткен олимпиадаларды салыстырып, есептерді шештім. Болашақта басқа да маңызды олимпиадаларға қатысуды жоспарлап отырмын, – дейді Әліби Ақберді.

Математикадан "Мұрагер" ММЛИ 10-сынып оқушысы Бейбарыс Жеңісбек пен № 1 "Білім-Инновация" лицей-интернатының оқушылары Асқар Жұмағали (9-сынып) және Нұрислам Алдабергенұлы (10-сынып) қола жүлдеге ие болды.

Жеңімпаздар үш дәрежелі дипломдармен және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің медальдарымен марапатталды.

Бұл біздің оқушыларымыздың республикалық Олимпиададағы алғашқы жетістіктері ғана.