
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев коронавирустық инфекцияның алғашқы белгілері кезінде дереу көмекке жүгінуге шақырды. Ол өз бетінше емдеу әрекеттері ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Эпидемиологиялық жағдай және медициналық мекемелердің жұмысы туралы Ержан Нұрлыбаев Zoom платформасындағы онлайн-брифингте әңгімелеп берді.
Бүгінгі күні Қарағанды облысында COVID-19 жұқтырған бес адам өз бетінше дем ала алмайды және ӨЖЖ аппараттарына қосылған. Олардың үшеуі медициналық көмекке тым кеш жүгінген.
- Адамдар үйде емделуге тырысқан. Қазір бұл пациенттер дәрігерлердің тәулік бойы қадағалауында жан сақтау бөлімінде ауыр күйде жатыр. Барлық тұрғындарды медиктердің үндеуіне құлақ асуға шақырамын. Бұл өте маңызды болып табылады. Жедел жәрдем шақырудан қорықпау керек, керісінше дерт салдарынан қорқу керек, - деді ол.
Басқарма басшысы облыста КВИ жұқтырған науқастарға көмек көрсету үшін ресурстар мен жабдықтар жеткілікті екенін атап өтті. Карантин басталғанға дейін өңірде 28 ӨЖЖ аппараты болған. Қосымша 44 сатып алынды, оның 22-і жеткізілді.
- Біз КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін төсек қорын көбейтеміз. Бүгін ауруханалардың бірінің базасында қосымша 100 инфекциялық бағыттағы төсек ашылды. Келесі аптаның басында тағы кереуеттер орнатылады, - деді Ержан Нұрлыбаев. - Қарағандыда қазір 647 төсектің 66-сы бос. Күніне біз шамамен КВИ белгілері бар 50 адамды ауруханаға жатқызамыз. Жағдай бақылауда. Біз алдын алу шараларын қабылдаймыз. Біздің міндетіміз - барлығын дер кезінде медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
Облыста КВИ анықтау бойынша зертханалар саны да артып келеді. Өткен аптада осындай орталық Жезқазған қаласында ашылды. Осы айда мамандандырылған зертханасы Теміртауда ашылады, ал тамыз айында Балқашта да пайда болады. Басқарма басшысының айтуынша, шілде айында тәулігіне зерттеулер саны 3 500-4 000 дейін артады.
Облыс стационарлары жоспарлы емдеуге жатқызуды ішінара тоқтатты. Инфаркт, инсульт және жарақаттан кейін көмек көрсету үшін Оңалту орталықтары жұмысын жалғастыруда. Емханаларда уақытша скрининг және диспансерлеу жүргізілмейді.
Емханаларға баруды азайту үшін қауіп тобындағы пациенттерге дәрі-дәрмектер үйге жеткізіледі.
Ержан Нұрлыбаев қарағандылықтарды санитарлық талаптарды сақтауға, өз денсаулығын мен жақындарын сақтауға шақырды.
Қарағанды облысы бойынша бүгінгі күні КВИ ауруының 1 624 жағдайы тіркелген. 716 адам сауығып кетті. 9 науқас қайтыс болды.