ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысындағы жол құрылысы және ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты. Олар Қарағанды, Саран және Балқаштағы нысандарды тексерді. Жұмыс сапары барысында вице-премьер Саран қаласында, бұрынғы РТБ зауытының базасында автобус, жол-құрылыс және карьерлік техника өндірісі бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты Жол картасына қол қойды.
Роман Скляр Қарағанды-Теміртау автомобиль жолының учаскесін қарап шықты. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауға уәде берді. Жол алты жолақты болады. Тәулігіне онда 20 мыңнан астам автокөлік өтеді деп жоспарлануда.
Вице-премьерге Қарағандыда жаңа жолдардың құрылысы туралы баяндалды. 2020 жылы жалпы ұзындығы 48,3 шақырым Солтүстік және Шығыс айналма жолдарды аяқтау жоспарлануда.
Қарағандыда Роман Скляр ЖЭО-3-тің М-10 жылу магистралін қайта жаңарту барысымен танысты. Жұмыс өткен жылы басталып, қазір аяқталуға жақын. Бұл 60 мыңға жуық қарағандылықты үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Саран қаласында Премьер-министрдің орынбасары Kazcentrelectroprovod ЖШС-де болып қайтты. Кәсіпорын кабельдік-өткізгіш, телекоммуникациялық және электротехникалық өнімдерді, металл құрылымдарын шығарады. ЖШС Бас директоры Сергей Кимнің айтуынша, осы жылдың бес айында өндіріс көлемі 1,7 млрд теңгеден асты.
Кабельдерді шығару екі есе өсті. Қарағандылық өндіруші Қазақстанның қажеттілігін қамтамасыз етеді. Оның өнімдері ауылдарды цифрландыру кезінде қолданылады. Кәсіпорын сондай-ақ Ресей мен Өзбекстанға экспортқа шығып, Еуропа нарығына жол ашты.
Содан кейін Роман Скляр Yutong маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті. Кәсіпорын бұрынғы РТИ зауытының базасында жұмыс істейтін болады. Қазір құрылыстың бірінші кезеңі басталды. Аумақты және болашақ цехтар ретке келтірілуде. Келесі құрылыс-монтаж жұмыстарының кезеңі 3-4 тоқсанға жоспарланған. Оған шатырды жөндеу, ғимараттардың өзін және зауытқа іргелес жатқан темір жолды қайта қалыпқа келтіру сияқты жұмыстар кіретін болады.
Өндірісті іске қосу және алғашқы автобустарды шығару биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Сонымен қатар, зауытта машина жасау саласында қосымша жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Зауыттың қуаттылығы - жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника мен арнайы көлік. 400 жұмыс орны құрылады.
Нысанды аралау барысында Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус өндірісі бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты Жол картасының құжатына қол қойды.
Сондай-ақ, Вице-премьерге Саран қаласындағы орталық қазандық құрылысының жалғасуы туралы баяндалды. Жоба уақытша тоқтатылған. Биыл жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Мердігерді таңдау бойынша конкурстың нәтижелері жақын арада белгілі болады. Содан кейін жұмыстар қайта жанданады.
Роман Скляр Қарағанды – Балқаш автожолын, ұзындығы 363 шақырым "Орталық – Оңтүстік" дәлізін қайта жаңарту барысын тексерді. Қазіргі уақытта жұмыс қызу жүріп жатыр. Су өткізу құбырын салу, 17 көпір, көлік айрығында екі жол өтпесін және 33 ауыл шаруашылығы жолын салу жоспарлануда. Кесте бойынша келесі жылы жол бойындағы аумақты абаттандыру басталады.
Вице-премьер Күрті-Бұрылбайтал тас жолының учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын да қарап шықты. Төрт жолақты жолдың құрылысын 2022 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Роман Скляр белгіленген жоспарларды орындау жөнінде тапсырма берді.