
Алматының республикалық физика-математика мектептерінің базасында XXXVI Халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы және "Жібек жолы" ХХІІІ Халықаралық математикалық олимпиадасы өтті. Оларға тек Қазақстанның өзінен 155 білгір қатысты. Жүлдегерлер қатарында қарағандылық Бейбарыс Жеңісбек те бар. Ол үшінші орынға ие болды.

Бейбарыс 10-сыныпта оқиды. Математикадан олимпиадаларға 9-сыныптан бастап қатысады. Оны зияткерлік жарыстарға математика пәнінің мұғалімі Ләззат Итжанова дайындайды.
– Мен 10-сыныпта оқығаныма қарамастан он бірінші сынып оқушысы ретінде олимпиадаға қатыстым. Жоғары деңгейдегі олимпиадалар сирек өткізіледі, сондықтан ATMO және ЖЖМО математиктер үшін жақсы мүмкіндік болып табылады. Олар тек бір турдан тұрады. Оларға мықты математиктер қатысады, сондықтан бір қателік жіберіп алсақ, жүлделі орыннан айырылып қалуымыз мүмкін, – деді Бейбарыс.