
Шахтинск қаласында тұрғындарды сапалы және тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін желілерді ауыстыру және қайта құру жұмыстары жалғасуда. Жобаны іске асыру су құбырының тозуын 43 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков өткен жылы атқарылған жұмыстар, биылғы жоспарлар, сондай-ақ өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді.
– Өткен жылы 43,9 км желі салынып, 475 құдық орнатылды. Биыл барлығы 49,13 км салу жоспарлануда. қазірдің өзінде 21 км желі бойынша жұмыстар атқарылды, 308 құдық орнатылды, – деді Мұрат Қыдырғанбеков. – Сондай-ақ кәріз коллекторларын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді және кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялауға ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.
Новодолинский кентінде сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Оны шешу үшін су құбыры желілерін салуға жобалық құжаттама әзірленді. Кенттің су бұру жүйесінің жұмысын жақсарту үшін тазарту құрылыстарын қайта құру бойынша ЖСҚ дайын. Сондай-ақ таяу жылдары Шахан кентінде кәріз тазарту құрылыстарын салу жоспарлануда.
Шахтинск қаласында абаттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Төрт көшеде қаланың жарықтандыру желілері қалпына келтірілді, 40 жарықтандыру тірегі орнатылды. 31-ші орамда көпфункционалды спорт корты, төрт балалар ойын алаңы пайда болды, төрт футбол алаңы қайта құрылды. Сонымен қатар, қаланың екі көшесінде тротуар орнатылды.
– Биыл 1-ші орамда футбол алаңы бар балалар спорт алаңын орнату жоспарлануда, – деп атап өтті спикер. – Сондай-ақ, қаланың төрт орамын жарықтандыру бойынша 345 жарықтандыру тірегін орнату, үш мың шаршы метрден астам тротуарды жайластыру, үш футбол алаңын ағымдағы жөндеу және Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі аллеяны абаттандыру жұмыстары жоспарланған.