
«Электрондық үкімет» порталы арқылы өз бетінше жұмысқа орналасу үшін анықтама беру немесе ұзарту туралы өтініш жолдай отырып, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам Қазақстанда жұмыс істей алады.
- Біз процесті барынша жеңілдетуге және қызмет көрсету мерзімін қысқартуға тырыстық. Бұрын мұндай анықтаманы алу үшін шетелдік азаматқа немесе апатридке ХҚКО-на немесе Еңбек министрлігіне барып, 25 күн күту керек болатын, ал қазір ол өтінімді онлайн рәсімдесе, 10 күн ішінде дайын болады, - деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Азаматтығы жоқ жеке тұлғаға немесе шетелдікке қызмет алу үшін eGov.kz порталында «Шетелдікке немесе азаматтығы жоқ адамға өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктіліктің сәйкестігі туралы анықтама беру немесе ұзарту» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі порталда авторлану және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасы бойынша өту қажет.
Содан кейін қызметті алушы міндетті жолақтарды толтырып, білімі, еңбек қызметі және жеке басын куәландыратын құжаттың сканерден өткізілген көшірмесін қоса беріп, пайдаланушының абоненттік нөмірі МАБ-да (мобильді азаматтар базасы) тіркелген жағдайда - ЭЦҚ немесе бір реттік СМС-парольмен сұрау салуға қол қоюы тиіс.
Сұрау салуды сәтті өңдеу кезінде жеке кабинетке өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама келіп түседі, оны шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс берушіге ұсына алады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараты бойынша