
Қарағанды облысында өңірлік жұмыспен қамту картасы әзірленді. Ол бойынша 51 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Оның 41 986-сы тұрақты және 9077-сі уақытша жұмыс орындарына беріледі. Карта жұмыссыздарды әлеуметтік қолдау үшін құрылған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова айтып берді.
– Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру үшін облыста агроөнеркәсіптік кешен, жолдар, мәдениет, ТКШ, білім беру, өнеркәсіп, құрылыс, табиғатты пайдалану және цифрландыру салаларында 3,6 мың жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Әсем Жүніспекова. - Тағы 7,7 мың адамды "Жастар практикасы", "Қоғамдық жұмыстар" бағыттары бойынша және "Бірінші жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты" және "Күміс жас"жобалары шеңберінде жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Бизнеске 16 мыңнан астам адам тартылады. Оның ішінде кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына 400 АЕК-ке дейін 183 грант беру жоспарлануда. Бизнес-идеяны қарауға өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Ол үшін әлеуетті грант алушы жұмыссыз ретінде тіркелуі немесе осы санат бойынша жұмыс тәжірибесі үш жылдан аспайтын жеке кәсіпкер мәртебесіне ие болуы тиіс.
Сондай-ақ, биылғы жылы жылдық 2,5%-бен 339 жеңілдетілген несие берілуі керек. Жастарға шағын несие беруді сәуір айынан бастау жоспарлануда.
– Біздің өңірде биыл 22 мың адамды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырған бос орындар да бар, – деп атап өтті Әсем Жүніспекова. – Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен мүгедектігі бар мың адам қамтылуға тиіс. Осы жылы кәсіпорындарда көру және есту қабілеті нашар жұмысшылар үшін 26 арнайы жұмыс орнын құру жоспарланған. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша "Мүгедек адамдарды және мүгедек адамдарды күтуді жүзеге асыратын адамдарды оқыту және жұмысқа орналастыру" жобасы іске асырылатын болады.
Бос жұмыс орындары және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар туралы қосымша ақпаратты enbek.kz порталынан немесе еңбек ұтқырлығы орталықтарында алуға болады.